Ақтауда Каспий жағалауына шикі тауық етін тастағандар іздестіріліп жатыр

Ақтауда Каспий теңізі жағалауына шикі тауық етін тастағандар іздестіріліп жатыр, - деп хабарлайды Massaget.kz тілшісі "КТК" телеарнасына сілтеме жасап.

Өткен жексенбіде демалушылар теңіз суында қалқып жүрген тауық қанаттарын байқап, оны видеоға түсіріп алған. Кейін әлеуметтік желіде тараған бұл видео қала тұрғындарының сынына ұшырады. 

Алдын ала болжам бойынша жағалау ластануына демалушылардың санитария талабын сақтамауы себеп болуы мүмкін. Кейбір азаматтар демалыстан кейін азық-түлік қалдықтары мен тұрмыстық қоқысты жағалауда тастап кетеді.

Өңірлік табиғи ресурстар және табиғат пайдалануды реттеу басқармасының мамандары оқиға орнына барып, жағдайды реттеген.

"Облыс аумағында осындай заңбұзушылықтың алдын алу үшін басқарма тиісті жұмыс жүргізеді. Сонымен қатар, тұрғындар мен қонақтарды қаланы таза ұстауға шақырамыз", - деді Маңғыстау облысы табиғи ресурстар және табиғатты пайдалануды реттеу басқармасының маманы Әлішер Мұхамбетжан.

Жаңалықтарды бәрінен бұрын біліп отырғыңыз келсе, Telegram-арнамызға жазылыңыз!