Ақтауда итбалық өлі табылды. Ол қайдан келгені белгісіз. Ал ғалымның сөзінше, оны адамдар өлтірген болуы мүмкін, - деп хабарлайды Massaget.kz тілшісі Lada.kz сайтына сілтеме жасап.
Гидробиология және экология институты батыс секторының меңгерушісі Тимур Баймұқановтың айтуынша, адамдардың мұндай қадамға не үшін барғанын түсіндіру мүмкін емес.
"Тірі жануарды еш себепсіз өлтіру - сау адамның ісі емес деп есептеймін. Табиғатты аялауды бала күннен үйрету керек, сол кезде мұндай жағдайлар аз болар еді", - дейді ғалым.
Сарапшының сөзінше, Каспий теңізінің жағалауында жыл сайын өлі итбалықтар табылып жатады. Кейде сарапшылар Каспий итбалықтары өлімінің себептерін анықтай алып жатса, кейбірін анықтау мүмкін емес.
Айта кетейік, кеше ақтаулық тұрғын қансырап жатқан итбалықты тауып алған болатын. Ол теңізден алыс жерде табылған және ол жерде қалай пайда болғаны белгісіз.
Жаңалықтарды бәрінен бұрын біліп отырғыңыз келсе, Telegram-арнамызға жазылыңыз!