Ақтау мектептерінің бірінде мұғалімдер кабинет тапшылығына байланысты дәлізде жұмыс істеуге мәжбүр. Мектеп 1600 орынға есептелген, бірақ онда үш ауысымда 3,5 мыңға жуық бала оқиды, - деп хабарлайды "Хабар 24" телеарнасы.
Телеарна мәліметінше, мұғалімдер мектептің бірінші қабатындағы орынды өздері үшін жабдықтаған. Өйткені кабинет жетіспеуіне байланысты мұғалімдер кабинетін сынып ретінде беруге тура келген.
"Қазір бізде мұғалімдер кабинеті жоқ. Дәптерлерді дәлізде тексеруге туралы келеді. Әрине, мұның бәрі қиындық тудырады. Соған қарамастан өз жұмысымызды жалғастырамыз", - дейді 11-сыныптың жетекшісі Раушан Әбілова.
Мектептегі оқу бөлмелері үшін тіпті шаруашылық мақсаттағы кабинеттер де берілген. Мысалы, қойма еңбек сыныбына айналған. Бірақ тар, тақтасы жоқ, жылытуы әлсіз.
"Бізде көрші ауылдардың балалары оқиды. Мысалы, Мұнайлы ауданынан келеді. Түпқараған ауданы Телман және Ақшұқыр ауылдарының оқушылары келеді. Бізге көрші шағынаудандардан 900-ге жуық бала келеді. Жүктеме үлкен", - деп атап өтті мектеп директорының міндетін атқарушы Орынбасар Наурызбаев.
Оқу орны - бүкіл шағынаудандағы жалғыз мекеме. Көршілес аудандарда әлі мектептер жоқ. Маңғыстау облысында үш ауысымда оқытатын 18 мекеме бар екен.
"Үшінші ауысымда бес мыңнан аса бала оқиды. Бүгінде 20-дан аса мектептің құрылысы жоспарланған. Төрт мектептің құрылысы жүргізіліп жатыр. Бұл Мұнайлы ауданындағы мектептер және Ақтау қаласындағы әрқайсы 1200 орындық екі мектеп", - деді облыстық білім басқармасы басшысының орынбасары Гүлмира Мамаева.
Жаңалықтарды бәрінен бұрын біліп отырғыңыз келсе, Telegram-арнамызға жазылыңыз!