Ақтауда жұрт Каспий теңізіндегі Әскери-теңіз күштерінің оқу-жаттығуы кезінде қаза тапқан мерзімді қызметтегі сарбаз Сержан Аяпбергенді ақырғы сапарға шығарып салды, - деп хабарлайды Massaget.kz тілшісі.
Қоштасу рәсімі әскери қызметші тұрған Рауан тұрғын алабында өтті. Сержанмен қоштасуға көп адам келді. Үйдің маңына туған-туыстары, достары, көршілері мен бейжай қарамаған тұрғындар жиналды.
Сержан Аяпбергенмен қоштасу күніндегі Рауан тұрғын алабы. Фото Tengrinews.kz
Сержан 20 жасында өмірден озды.
Фото: Жас Батыр Ақтау
Әскерге дейін ол көп жыл бойы спортпен шұғылданған, Маңғыстаудағы "Жас Батыр" спорт мектебінің тәрбиеленушісі болған, самбо және дзюдо бойынша жарыстарда өнер көрсеткен.
Фото: "Жас Батыр", Ақтау
12 жасында Сержан Бішкекте өткен халықаралық самбо турнирінде күміс медаль иеленген. Кейін ол самбодан Қазақстан чемпионатының, ТМД студенттік жарыстарының жүлдегері атанды, дзюдодан республикалық және халықаралық турнирлерге қатысты.
26 қыркүйекте таңертең Рауан тұрғын алабының кіреберісінде көлік кептелісі пайда болды. 20 жастағы Сержан Аяпбергенмен қоштасуға жүздеген адам келді.
Сержан Аяпбергенмен қоштасу күніндегі Рауан тұрғын алабы. Фото Tengrinews.kz
Тұрғын алабының орталығына үлкен ақ шатырлар тігілді. Адамдар қаралы жиынның басталуын күтіп, топ-тобымен тұрды.
Қоштасу рәсіміне жүздеген адам келді. Фото Tengrinews.kz
Қоштасу орнының маңында жедел жәрдем көлігі кезекшілікте тұрды. Кадрлардан адамдардың әлі де келіп жатқанын, жиналғандар үйлер арасындағы ашық алаңды түгел толтырғанын көруге болады.
Рауан тұрғын алабындағы қоштасу рәсімі. Фото Tengrinews.kz
Жас сарбаз әрі спортшы өзі өсіп-өнген, әскерге аттанғанға дейін тұрған туған қаласында ақырғы сапарға шығарып салынды.
Каспийдегі қайғылы оқиға
24 қыркүйекте Қазақстан Республикасы Қарулы күштері Әскери-теңіз күштерінің оқу-жаттығуы кезінде Каспий теңізі жағалауында оқу-жауынгерлік міндеттерді орындау барысында ауа райы күрт нашарлауы және жел күшеюіне байланысты әскери қызметшілер суға кеткен.
Нақтыланған мәліметке сәйкес 17 адам суға кеткен. Оның ішінде 14 әскери қызметші қаза тапты, үш әскери қызметші құтқарылған.
Бас прокуратура мәліметінше, Ақтау гарнизонында оқу-жаттығу барысында әскери қызметшілер қаза табуына байланысты қылмыстық іс тергеліп жатыр. Тергеу барысы ерекше бақылауға алынған.
Премьер-министрдің өкімімен Маңғыстау облысында әскери оқу-жаттығулар өткізу барысында көз жұмған әскери қызметшілердің қазасын тергеп-тексеру бойынша үкіметтік комиссия құрылды.
Мемлекет басшысы Маңғыстау облысында әскери қызметшілер қаза табуына байланысты көңіл айтты. Қасым-Жомарт Тоқаев үкіметтік комиссияға оқиғаның мән-жайын анықтау үшін қажет шаралар қабылдауды және қайтыс болған жандардың отбасына көмектесуді тапсырды.
Мемлекет басшысының өкімімен Маңғыстау облысында қызметтік міндетін атқару кезінде әскери қызметшілер қазаға ұшырауына байланысты Қазақстан Республикасында 25 қыркүйекте жалпыұлттық аза тұту жарияланды.
Тергеу барысы
Ішкі істер министрінің орынбасары Санжар Әділовтің айтуынша, ҚР Қылмыстық кодексінің 453-бабы 2-бөлігі ("ауыр зардаптарға әкеп соққан қызметке салғырт қарау") және 465-бабы ("кеме жүргізу қағидаларын бұзу") бойынша қылмыстық істер қозғалған (соталды тергеу басталған - еск.).
Сонымен қатар, Маңғыстаудағы әскери қызметшілердің қазасына қатысты іс бойынша Қорғаныс министрлігі жүйесінен бес лауазымды тұлға ұсталды. Олардың барлығы күдікті деп танылып, Ақтау қаласы полиция басқармасының уақытша ұстау изоляторына қамалды.
Жаңалықтарды бәрінен бұрын біліп отырғыңыз келсе, Telegram-арнамызға жазылыңыз!
Massaget.kz