Ақтауда бір топ жасөспірім қатарлас қызды ұрып-соғып, болған жағдайды видеоға түсіріп, кейін әлеуметтік желіге жариялаған. Полиция шабуылға қатысқан барлық жасөспірімді анықтап, олардың ата-аналарын жауапкершілікке тартты, - деп хабарлайды Massaget.kz тілшісі.
Қызды ұрып жатқан сәт түсірілген видео әлеуметтік желіде тез тарап, көпшіліктің наразылығын туғызды. Кадрлардан жәбірленуші қыздың тізерлеп отырғанын, кейін қатарластарының оны аяғымен теуіп, басынан ұрғанын көруге болады.
Бір сәтте оқушы тепе-теңдігін жоғалтып, жерге құлап түседі. Осыдан кейін видео үзіледі.
Қазір құқық қорғау органдары оқиғаның барлық мән-жайын анықтап жатыр.
"Іс материалдары сотқа жолданды. Сондай-ақ материалдар кәмелетке толмағандардың істері жөніндегі комиссияға қарау және тиісті шаралар қабылдау үшін жіберілді. Жасөспірімдер профилактикалық есепке қойылды. Олармен және отбасыларымен жұмыс жалғасады", – деп хабарлады Маңғыстау облысының Полиция департаменті.
Шабуылға қатысқан жасөспірімдердің ата-аналары бала тәрбиесіне қатысты міндеттерін тиісінше орындамағаны үшін әкімшілік жауапкершілікке тартылды.
Жасөспірімдер мен олардың отбасыларымен профилактикалық жұмыс жалғасып жатыр.
Аптаның басты оқиғалары мен пайдалы видеоларды көру үшін YouTube арнамызға жазылыңыз
С. Бөлек