Ақтауда бір жарым жылдан аса уақыт бұрын ер адамның үстіне диван құлаған оқиғаға қатысты жаңа мәлімет белгілі болды, - деп хабарлайды Massaget.kz тілшісі.
2023 жылғы қаңтарда Маңғыстау облысының Полиция департаменті Қылмыстық кодекстің 104-бабы 1-бөлігінде көзделген іс бойынша ("Абайсызда қазаға ұшырату") соталды тергеп-тексеруді бастады. 2023 жылғы 14 қыркүйекте тексеру нәтижелері бойынша күдікті анықталмағандықтан тергеп-тексеру тоқтатылды. Ақтау прокуратурасы шешіммен келісті.
Алайда Tengrinews.kz мәліметінше, 2024 жылғы 21 маусымда Бас прокуратура істі тоқтата тұру туралы шешімнің күшін жойып, оны ҚР ҚК-нің 99-бабы 1-бөлігіне ("Адам өлтіру") қайта саралаған. Тиісті нұсқаулар берілген.
"Соталды тергеп-тексеруді жүргізгені үшін Маңғыстау облысының Полиция департаментіне полиция органдары басшыларының қызметін бағалау туралы мәселені қарастыра отырып, прокурорлық қадағалау актісі енгізілді", - деді Бас прокуратураның соталды тергеп-тексеру және қылмыстық қудалау заңдылығын қадағалау қызметі бастығының орынбасары Елдос Қилымжанов.
Айта кетейік, былтыр қаңтарда Ақтауда жергілікті тұрғынның басына диван құлаған болатын. Ес-түссіз күйде, мойын омыртқасы сынған жәбірленуші Маңғыстау облыстық ауруханасына шұғыл жеткізілген. Өкінішке қарай, ер адам тамызда қайтыс болды.
Бұған дейін Ақтау тұрғынының өліміне кінәлі адам табылмай жатқаны хабарланды.
Жаңалықтарды бәрінен бұрын біліп отырғыңыз келсе, Telegram-арнамызға жазылыңыз!