Lada.kz порталының журналисі Ақтауда Каспий теңізінде сапбордқа мініп, суға батып кете жаздаған екі қызды құтқарып қалған ер адамды тауып, сөйлесті, - деп хабарлайды Massaget.kz тілшісі.
Ер адамның есімі - Александр Шарин. Ол 35 жаста, Ақтау қаласында туған. Мамандығы бойынша есепші. Үйленген. Екі баласы бар: жеті жастағы ұлы Марк пен 10 жастағы қызы София.
Ол сол күні отбасымен және достарымен "Золотое солнышко" демалыс орталығына барғанын айтты. Әйелі ер адам сапбордта жүргенін байқаған. Ол кезде ағыс қатты болыпты. Кейін сапбордқа қыздар мінген.
"Кенеттен бір әйел көмекке шақыра бастады. Алғашында олар жүзе алады, сапбордпен жүре алады деп ойладым, бірақ толқын оларды одан сайын алысқа алып кетті. Бірден қыздарды құтқару керек деген ойға келдім. Суға түсіп ағысқа қарсы 100 метрдей жүздім. Оларға жеткен соң тақтайға отырып, ескекпен есе бастадым. Тақтайдағы үшеуміздің салмағымыз ауырлау болды. Ағысқа қарсы есу өте қиын болды. Жағаға жақындаған кезде сапбордты арқанмен тарта бастадым, бәрі жақсы аяқталды", - деп бөлісті ер адам.
Александрдың айтуынша, бұл оқиғадан кейін оған мұншалықты назар аударылады деп күтпеген. Кез келген ер адам осылай жасайтынына сенім білдірді.
Александрдың өзі әуесқой жүзгіш екенін айтты. "Жас кезімде бірнеше рет суға батып кете жаздағанмын. Құдіреті шексіз Құдай құтқарған шығар, мен де солай жауап бердім деп ойлаймын. Шынымды айтсам, бұлай болады деп күтпеген едім", - деп мойындады ол.
Александр ата-анасымен. Фото lada.kz сайтынан
Еске салайық, Ақтауда ер адам теңізге батып кете жаздаған қыздарды құтқарғанын жазған едік.
12 және 13 жастағы екі қыз жағалаудың шетінде сапбордқа мінген. Ештеңе қиындық тудырмады. Кенет жел соғып, оларды теңізге әкеткен. Қыздардың бірінің анасы жүзе алмайтындықтан, жағалаудағы адамдардан көмек сұраған.
Жаңалықтарды бәрінен бұрын біліп отырғыңыз келсе, Telegram-арнамызға жазылыңыз!