Әлеуметтік желілерде екі жүргізуші арасындағы жанжал түсірілген видео тарап жатыр, - деп хабарлайды Massaget.kz тілшісі.
Маңғыстау облысы Полиция департаментінің баспасөз қызметі өкілі осы оқиға туралы айтты. 10 қыркүйекте Ақтауда 11 және 12 шағынаудандар арасындағы тасжолда жүргізушілер төбелескен.
Қақтығыстың себебі Volkswagen Golf маркалы көлік жүргізушісінің әрекеті болған. Ол Toyota Camry маркалы көлігінің жолын 14 шағынаудандағы облыс әкімдігіне қарама-қарсы қиылыста кесіп өткен.
"Ер адамдар Ақтау Полиция басқармасына жеткізілді. Жол қозғалысы ережелерін бұзғаны үшін Volkswagen Golf көлігінің жүргізушісіне Әкімшілік құқықбұзушылық туралы кодекстің 601 және 606-баптары бойынша әкімшілік хаттама толтырылды. Екінші жүргізушіге Әкімшілік құқықбұзушылық туралы кодекстің 606-бабы бойынша хаттама рәсімделді", - деді облыстық полицияның баспасөз қызметі өкілі.
Ведомство бұл дерекке қатысты осы оқиғаға қатысушылардың бір-біріне шағымдары жоқ екенін айтты. Олармен профилактикалық әңгіме жүргізілген.
Жергілікті тұрғындар оқиға барысын видеоға түсіріп алған. Олар видеоларды Желіде де жариялап жатыр.
Жаңалықтарды бәрінен бұрын біліп отырғыңыз келсе, Telegram-арнамызға жазылыңыз!