Ақтауда декреттік демалыстағы әскери қызметші өз-өзіне қол жұмсады

Ақтауда декреттік демалыстағы әскери қызметші өз-өзіне қол жұмсады
Фото: Midjourney нейрожелісі арқылы жасалған

Ақтауда декреттік демалыстағы әскери қызметші өз-өзіне қол жұмсады. Бұл ақпаратты Ақтау гарнизонының баспасөз қызметі растады, – деп хабарлайды Massaget.kz тілшісі.

Келісімшарт бойынша әскери қызметші 39 жаста, денесі өз пәтерінде табылған. 

"Алдын ала мәлімет бойынша келісімшартпен қызмет атқарушы әскери қызметші отбасылық-тұрмыстық жанжалдың салдарынан өз-өзіне қол жұмсаған. Себептері мен мән-жайлары анықталып жатыр. Аталған факті бойынша қылмыстық іс қозғалды", – деп хабарлады Ақтау гарнизонының баспасөз қызметі.

Әскери қызметшінің шамамен бір жыл бойы бала күтімі бойынша декреттік демалыста болғаны атап өтілді.

"Әуе шабуылына қарсы қорғаныс күштерінің қолбасшылығы марқұмның туыстары мен жақындарына көңіл айтады", – делінген ведомствоның мәлімдемесінде.

Бір айда бірнеше өлім

Қыркүйек айында әскери салада бірнеше қайғылы оқиғалар орын алды.

  • 7 қыркүйек Маңғыстау полигонында мерзімді әскери қызметші жарақат салдарынан көз жұмды. Жауынгерді взвод командирі атып өлтірген. Қайтыс болған сарбаздың әкесі Қорғаныс министріне бейнеүндеу жолдаған. Қорғаныс министрлігі кейінірек кінәлілер қатаң жауапкершілікке тартылатынын мәлімдеді.
  • 16 қыркүйекте Қазақстанның оңтүстігіндегі Арыс гарнизонының бір әскери бөлімінің келісімшарт бойынша әскери қызметшісі басынан травматикалық қарудан жарақат алды.
  • 19 қыркүйекте Аягөзде әскери қызметшінің денесі табылды. Гарнизонның хабарлауынша, алдын ала мәліметтер бойынша офицер өз-өзіне қол жұмсаған.

 

Аптаның басты оқиғалары мен пайдалы видеоларды көру үшін YouTube арнамызға жазылыңыз

А. Бақдаулет