Ақтауда шатырын жел ұшырған үйді қалпына келтіру жұмыстары басталды, - деп хабарлайды Massaget.kz тілшісі КТК телеарнасына сілтеме жасап.
Небәрі жеті жыл бұрын ғана салынған баспананың төбе жабындысын түнде дүлей дауыл талқандап кеткен еді.
Жаңа салынған баспананың ішінен аспан көрініп тұр. Екпінді жел шатырын қаңбақша ұшырған. Абырой болғанда, ешкім зардап шекпеді. Тұрғын үйге қызмет көрсететін мүлік иелері бірлестігі базардан құрылыс заттарын алып, қалпына келтіруді бастап кетті.
Дауыл Ақтаудағы бас шыршаны да сұлатып кетті. Жаңажылдық әшекейді әкімдік қалпына келтіріп жатыр.
Табиғаттың тосын мінезінен балабақшаның шатыры ұшып, 6 көлікті зақымдаған. Төтенше жағдайлар департаменті, алдағы күндері де қатты дауыл болатынын ескертіп, тұрғындарды сақ болуға шақырады.
"Маңғыстау облысы ТЖД тарапынан 20 жеке құрам, 5 техника жұмылдырылып, қираған шатырларды қалпына келтіріп жатыр. Маңғыстау облысының "Қазгидромет" филиалының ақпаратына сәйкес, алдағы үш күнде жел екпіні 15-20 метр секундына соғады", - дейді Маңғыстау облысы ТЖД төтенше жағдайды жою басқармасының міндетін атқарушы Дінмұхаммед Пірімжан.
Жаңалықтарды бәрінен бұрын біліп отырғыңыз келсе, Telegram-арнамызға жазылыңыз!