- Негізгі бет
- Басты жаңалықтар
- "Ақтауда бұрын кісі...
"Ақтауда бұрын кісі өлтірген адам жарылыс жасамақ болған": ҰҚК басшысы мән-жайды айтты
ҚР Ұлттық қауіпсіздік комитетінің төрағасы Ермек Сағымбаев Kazinform агенттігіне берген сұхбатында тосқалуыл қойылған террористік актілердің мән-жайы туралы айтты, - деп хабарлайды Massaget.kz тілшісі.
Жақында ҰҚК төрағасы Мемлекет басшысына екі террористік актіге жол берілмегенін баяндады. Соның бірі - шетелдік серіктестермен атқарылған іс-шара.
"Бірінші террористік акт Ақтауда тоқтатылды. Мұқият жедел зерттеудің нәтижесінде қала тұрғындарының бірі радикалды діни идеологияны ұстанушы ретінде назарға ілінді. Ол бұрын кісі өлтіргені үшін сотталған. Интернеттегі шетелдік содырлардың үгіт-насихатының ықпалымен мемлекеттік органдардың бірінің ғимаратында жарылыс жасамақ болған. Қолдан жарылғыш құрылғы жасауға арналған компоненттерді, соның ішінде жанғыш және өзге де химиялық қоспаларды, сондай-ақ, зақымдау элементтерін – бұрандамалар мен шегелерді сатып алған. Тінту барысында оның үйінен дайын жарылғыш заттар салынған 4 ыдыс және террористік актіге дайындық деректерін дәлелдейтін басқа да айғақтар табылды", - деді Сағымбаев.
Ал екінші әрекет шетелде жасалмақ болған.
"Екінші террористік актінің шетелде жолы кесілді. ҰҚК жедел қызметкерлері жоспарланған акция туралы алғашқы мәліметтер алып, ол туралы шетел мемлекетінің тиісті қызметтері дереу хабардар етілді. Бірлескен тексеру барысында материалдар расталып, теріс әрекеттің алды алынды", - деді ҰҚК төрағасы.
Жаңалықтарды бәрінен бұрын біліп отырғыңыз келсе, Telegram-арнамызға жазылыңыз!
Ж. Қадыржанова