Ақтауда бір айдан бері газ құю бекеттерінде ұзын-сонар кептеліс пайда болған

Ақтауда көлік жүргізушілері сұйытылған газ тапшылығына қатысты шағымын жеткізді. Олардың айтуынша, кейінгі бір айдан бері автогаз құю бекеттерінде ұзын-сонар кептеліс пайда болған, - деп хабарлайды Massaget.kz тілшісі "КТК" телеарнасына сілтеме жасап. 

Жүргізушілер өз кезегін екі-үш сағаттап күтетінін айтады. 

"Кем дегенде кезекте 20 көлік тұрады. Кезекте жарты сағаттай тұрдым. Менің алдымдағы 10-20 көлік босқа тұр екен. Ешкім білмейді", - дейді өңір тұрғыны Дамир Жұмахан.

Өңірлік кәсіпкерлік және сауда басқармасы мәліметінше, қазір аймақта 185 мыңға жуық көлік бар. Оның 104 мыңға жуығы автогаз орнатқан.

Олар ай сайын орта есеппен 18 мың тонна сұйытылған газ жағады. Жаз айларында, демалыс науқаны басталуына байланысты Маңғыстауға көршілес облыстардан ағылып жатқан турист көп. Сол себепті көлік қозғалысы 15-20 пайызға артып, тұтыну көлемі де 2-3 мың тоннаға ұлғайып отыр.

Шенеуніктер кейінгі уақытта өңірде шетелден әкелінген көлік саны да артқанын айтады. Мұнай өңдеу зауыты жөндеуге жабылуы да кезек пайда болуына тағы бір себеп.

"Қазір кезектің басты себебі - Атырау мұнай-өңдеу зауытындағы маусымның соңындағы жоспарлы жөндеу жұмысы. Жоспарлы жөндеу қосымша 1-2 күнге созылып кетті. Жалпы көлік кезегі келесі айдың аяғына қарай тұрақталады", - деді Маңғыстау облысы кәсіпкерлік және сауда басқармасының басшысы Пікір Сансызбай.

Жауапты мамандар бұл мәселе келер айдың ортасына қарай толық реттелетінін айтты.

Аптаның басты оқиғалары мен пайдалы видеоларды көру үшін YouTube арнамызға жазылыңыз