- Негізгі бет
- Басты жаңалықтар
- Ақтауда балаларға дөрекілік...
Ақтауда балаларға дөрекілік танытқан тәрбиеші жұмыстан шығарылды
Әлеуметтік желіде Ақтау қаласындағы балабақшалардың бірінде тәрбиешінің балаларға дөрекілік танытқан видеосы тарады. Тексеру нәтижесінде балабақша тәрбиешісі жұмыстан шығарылды, - деп хабарлайды Lada.kz басылымы.
Ақтау қалалық білім бөлімінің басшысы Бағдат Тұрғанбаева мектепке дейінгі мекеме қызметкерінің бүлдіршінге дөрекі қарым-қатынасы түсірілген видеодан кейін "Мәншүк" балабақшасындағы заң бұзушылықтарды анықтау үшін арнайы комиссия құрылғанын айтты.
"Тексеру қорытындысы бойынша, балабақша тәрбиешісі Еңбек кодексінің 52-бабы 1-тармағының 14-тармақшасына "Жұмыс берушінің бастамасы бойынша еңбек шартын бұзудың негіздеріне" сәйкес жұмыстан босатылды. Балабақшаның директорына сөгіс жарияланды", - деді Бағдат Тұрғанбаева.
Еске салайық, №37 балабақша тәрбиешісі балаларды сүйреп, оларға дөрекі қараған видеоны Желіге қоғам белсендісі әрі блогер Азамат Сәрсенбаев жариялаған болатын.
Ақтау полицейлері балабақша тәрбиешісі жазаланатынын айтты.
"Тәрбиешіге қатысты Қылмыстық кодекстің 140-бабының 2-бөлігі "Кәмелетке толмаған баланы тәрбиелеу жөніндегі міндеттерді ата-анасының немесе осы міндеттер жүктелген өзге де адамның, сондай-ақ оларды тиісінше орындамауы" бойынша соталды тергеу басталды", - делінген хабарламада.
Жаңалықтарды бәрінен бұрын біліп отырғыңыз келсе, Telegram-арнамызға жазылыңыз!
Г. Досымшалова