- Негізгі бет
- Басты жаңалықтар
- Ақтауда балалар иппотерапиясы...
Ақтауда балалар иппотерапиясы дамып келеді
Ақтаудағы жүйке ауруларына шалдыққан балаларды емдейтін иппотерапия үйірмесі биыл өңірдегі ең үздік әлеуметтік жоба атанды.
Өйткені осы орталық мамандары үш жылдан бері науқас жеткіншектердің сана-сезімін дамытып, сауығып кетуіне септігін тигізіп келеді.
Кішкентай Әдия жылқыларды жақсы көреді. Үйірмеге қатысып жүргеніне үш аптадан асқан. Осы уақыт ішіндегі оң өзгерісті өзгелерден бұрын анасы байқапты.
Альфия Наушабаева, қала тұрғыны: - Бұрын әлсіз болып келген қолдарымен бүгінде ат тізгінін мықтап ұстайды. Асқа тәбеті тартпай, түнде мазасыз ұйықтайтын еді. Атпен серуендегелі бері тамақты тауысып ішеді. Ұйқысы да жақсарды.
Үйірменің бір ерекшелігі балалардың жылқыға сүйіспеншілігін оятады. Ат жалын тартып мінген соң, жүгенді мықтап ұстап отыруы керек. Ол қол күшін молайтып, ағзаның тепе-теңдік сақтау қабілетін шыңдайды. Мамандардың айтуынша, үлкендердің қолынан келе бермейтін өнерді жеткіншектер еркін меңгеруде.
Әділжан – ат құлағында ойнайтын шабандоз. Үйірмеге қатысып жүргеніне 3 жыл болған. Бүгінде есейіп, ержетіп келеді. Ендігі арманы – бәйгеге қатысу.
Ипподромда емдік терапия өткізуге барлық жағдай жасалған. Құм төселген аумақта балалар тағасыз жылқылармен серуендейді. Тегін дәріс күніне жарты сағат жүреді.
Елена Дедова, «Здоровье детям» қоғамдық қорының жетекшісі: - Балалар иппотерапевт маман жасақтаған бағдарламамен жаттығады. Жеткіншектер әлеуметтік бағдарламалар бөлімінің жолдамасымен келеді. Дәріске невропатолог-дәрігердің нұсқауымен жіберіледі.
Атпен серуендейтін манеж келешекте жабық кешенге айналмақ. Демек, дәріс қыста да жалғасады. Тағы бір түлік сатып алу жоспарланған. Әзірге мұнда екі жылқы бар. Бірінің есімі – Каспий.
Екатерина Яковлева, реабилитолог-дәрігер: - Каспий – Орал тұқымдас жылқы. Бойы шағын, аяқтары жуан болып келеді. Орнынан қозғала алмайтын балалармен серуендеуге үйретілген. Науқас сәбилердің абайсызда тістеп, ұрып қалуларына бойы үйренген.
Мұнда жылқылардан бөлек, қояндар, тауықтар мен ешкілер де бар. Балалар оларды сағаттап қызықтауға дайын. Атпен серуендеуге кезегі жеткенше жеткіншектер үй жануарларымен ойнап, уақыттарын қызықты өткізеді. Бұл да өз кезегінде емдік терапия екені даусыз.
Талғат Исламұлы, Ренат Дусалиев
Дереккөз: 24.kz
T. Кіршібаев