Ақтауда жеке балабақша тәрбиешісі әлі тілі шықпаған баланы жұлқылап, ұрып ұйықтатпақ болған, - деп хабарлайды Massaget.kz тілшісі.
Оқиға 28-шағынауданда орналасқан балаларды ерте дамыту орталығында болды. Бейнежазбада тәрбиешінің әрекеті анық байқалады. Ол ұялы телефон қарап отырып, жанында жатқан сәбиді жұлқып, ұрып, жастыққа лақтырып жібереді.
Ата-ананың шағымынан соң осы іске қатысты тергеу басталған. Тәрбиешінің іс-әрекеті тексеріліп жатыр. Ал бала 1 жас 7 айлық. Оның денесінен зорлық-зомбылықтың белгілері анықталды.
"8 желтоқсанда Ақтау қалалық полиция басқармасына тұрғыннан жазбаша арыз түсті. Бұл дерек ҚР ҚК 140-бабының 2-бөлігімен Ақтау қалалық полициясында тіркелді. 30 жастағы тәрбиешіден жауап алынды. Оған қатысты тергеу жүргізіліп жатыр. Өзге ақпарат тергеу мүддесі үшін жария етілмейді", - дейді Маңғыстау облыстық Полиция департаментінің баспасөз хатшысы Әйгерім Ибатуллаева.
Бұл жеке балабақша Ақтау қалалық білім бөлімінде тіркелмеген болып шықты.
"Мемлекеттік білім беру тапсырыстарын алмайды. Ұлттық білім беру деректер қорында жоқ. Демек бұл балабақша заңсыз жұмыс жасап жатыр деген сөз. Кәсіпкерлердің жауапкершілігін күшейту керек деп ойлаймын. Баланың өміріне, денсаулығына зиян келіп жатыр. Бұлай болмайды. Алайда мораторий тағы да ұзартылды. Сондықтан тікелей барып, қарауға құзырымыз жоқ болып тұр", - дейді Ақтау қалалық білім бөлімінің мектепке дейінгі тәрбие бөлімінің маманы Ақбөбек Құбығұлова.
Сая Мәжитқызы
Жаңалықтарды бәрінен бұрын біліп отырғыңыз келсе, Telegram-арнамызға жазылыңыз!