- Негізгі бет
- Басты жаңалықтар
- Балабақша
Ақтауда балабақшаға екінші жыл қатарынан жылу дұрыс берілмей жатыр
Ақтауда мемлекеттік балабақшада бөбектер қалың киіммен ұйықтауға мәжбүр. Қабырғасы сыз тартқан, едені мұздай мекемеде осымен екінші жыл қатарынан жылу дұрыс берілмей жатыр деп шағымданады ата-аналар. Амалдың жоқтығынан суық бөбекжайға әкелуге мәжбүрміз дейді жұмысбасты аналар. Кеңес заманында салынған ғимарат әбден ескірген. Балалардың ойын алаңқайы да жаңартылмаған, - деп хабарлайды Massaget.kz тілшісі КТК телеарнасына сілтеме жасап.
Кішкентай бүлдіршендірдің ата-аналары балабақшаның іші қыста қара суық, балалары кешке үйге дірдектеп, денесі тоңазып қайтатынын айтады. Ата-аналар бұған дейін де балабақша әкімшілігіне осы мәселені көтеріп, шағым хат жазған. Алайда еш шара қолданылмаған.
Бөбекжайда жылудың төмендеуі былтыр желтоқсан айында басталған. Ғимараттың ішінде сыртқы киіммен бүрсең қағасың. Бүлдіршіндер түсте қалың киіммен ұйықтайды екен. Салқынның сызын сезіп, балдырғандардың денсаулығын ойладық.
"Биыл қаңтар айында "Каспий жылу су арнасы" мекемесіне бардық. "Бәрі қаралады" деп, бізге жіберіп отырды. Бірақ еш нәтиже жоқ. Жазбаша да жазып, өзіміз де барып, өтінішімізді айттық. Бізде ол қаралмайды. Міне, 2025 жыл болайын деп жатыр. Қазірдің өзінде балаларымызды қалың киіммен жіберіп жүрміз", - дейді ата-ана Махаббат Нұрбаулиева.
"Жыл сайын өзгертеміз, істеміз дейді. Бірақ ештеңе өзгермейді. Қыс келе ме, аяз қақап тұрады. Балаларымыз сырт киіммен ұйықтайды. Бес жыл болды. Осы мәселені шешеміз дегеніне неше жыл болды, дым шешілмейді", - дейді ата-ана Гүлзира Рахметова.
Қазан айында балабақшаның жылу құбырын ауыстыруға 11 миллион теңге бөлінген дейді мекеменің меңгерушісі. Ол қаражатқа жаңа сорғы сатып алынып орнатылған. Сол жөндеу жұмысынан кейін балабақша іші жылынғандай болған. Әйтсе де, екінші желтоқсаннан бастап қайта суып кетті.
"Екінші желтоқсаннан бастап проблема басталды. Жылу қысымы төмендеп кетті. КЖСА мекемесі бастығының орынбасары Ислам Үсенов келіп, анықтап, бізге 20 үйден келетін жылуға тиек қойылғанын анықтады. Ол тиек ашылып, жылу келді", - дейді "Қарлығаш" балабақшасының меңгерушісі Мереке Меңдібайқызы.
Орталық жылу жүйесіне қосылған мектепке дейінгі бұл мекемемен қоса, маңайдағы үйлерге де жылу жетпей жатыр дейді шенеуніктер.
"Қазір жылу қысымы төмендеп тұр. Оның әртүрлі себебі бар. Тұрғын үйлердің жоғары қабатына жылу жетпей, қосымша құрылғылар орнатылып жатыр. Соған байланысты жылу қысымы төмендеп тұр. Оны шешу мақсатында қосымша құрылғылар сатып алынды", - дейді Ақтау қаласы білім бөлімінің басшысы Ғани Құрманғалиев.
Ата-аналар жиналып, шағымданғаннан соң жаңа жылу сорғысы орнатылды. Бұл да екі айға жетпей бұзылып қалмаса екен дейді олар.
Аптаның басты оқиғалары мен пайдалы видеоларды көру үшін YouTube арнамызға жазылыңыз
С. Сатыбалдина