Ақтауда бірнеше ер адам балабақшаның қасында пышақтасқан. Оқиға 28 қаңтарда күндізгі уақытта №28 үйдің артында, "Дарын" жекеменшік балабақшаның маңында болған, - деп хабарлайды Massaget.kz тілшісі Lada.kz сайтына сілтеме жасап.
Тұрғындардың сөзінше, 28 қаңтарда түскі уақытта айғай естілген. №28 үйдің артында үш ер адам төбелескені белгілі болған. Олардың біреуі жерде жатқан адамды пышақтаған көрінеді. Үшінші адам оларды ажыратуға тырысқан. Артынша қолында пышағы бар ер адам бұрылып, кетіп қалған. Көршілердің сөзінше, ол - сол үйде бірінші қабатта тұратын ер адам.
Оқиға орнына полиция келген. Артынша жедел жәрдем қызметкерлері де келіп, зардап шеккен ер адамды алып кеткен.
Төбелестен кейін балабақша маңы қан-жоса болып кеткен. Артынша ол жерге топырақ төгілген.
Полиция департаментінің мәліметінше, бұл дерек бойынша Қылмыстық кодекстің 107-бабы бойынша соталды тергеу басталған.
Жаңалықтарды бәрінен бұрын біліп отырғыңыз келсе, Telegram-арнамызға жазылыңыз!