Ақтауда ауруханада ер адамның терезеден секірмек болғанын туыстары жоққа шығарды

Ақтауда ауруханада ер адамның терезеден секірмек болғанын туыстары жоққа шығарды
Фото: Tengrinews.kz/ Тұрар Қазанғапов

Ақтаудағы аурухана терезесінен секірмек болған ер адамның жақындары оның өз-өзіне қол жұмсағысы келгендігін жоққа шығарды және медицина қызметкерлеріне шағымданды, - деп хабарлайды Massaget.kz тілшісі "Lada.kz"-ке сілтеме жасап.

Науқастың туыстарының айтуынша, ол үш күн бұрын 23 қазанда басы ауырып тұрғанын айтып, жұмыстан әдеттегіден ерте келген. Ол отбасы мүшелерінің есімдерін айта алмаған, сондықтан туыстары жедел жәрдем шақырған, ал медициналық қызметкерлер оны облыстық ауруханаға алып кеткен.

Келесі күні, 24 қазанда сағат 19:00-де ауруханаға әкесін көру үшін қызы келген, бірақ оның айтуынша, сағат 20:00-ге дейін кіруге рұқсат етілгенімен, оны кіргізбеген.

Қызының айтуынша, мұны естіген әкесі агрессивті бола түскен. Дәрігерлер оған микроинсульт диагнозын қойған, нәтижесінде оның сол жақ миында қанайналым бұзылып, ол өз әрекетін түсінбеген. Инсульт әлі де дамып келеді.

"Мидың сол жағы жұмыс істемейтіндіктен, ол көп нәрсені түсінбейді. Дәрігерлер бірінші күні бізге мұндай науқас қажет емес екенін айтып, оны қайтарып алуды өтінді. Бірақ инсультпен ауыратын адамды қайда апара аламын? Осы жерде сұрақ туындайды: бұл олардың жұмысы емес пе? Ондағы медицина қызметкерлері өте дөрекі және мәжбүрлеп қойғандай қызмет көрсетеді. Анама онымен бірге болуға мүмкіндік бермеді, уақытынан бұрын шығарып жіберді. Анам оның жанында болмағандықтан, ер адам терезені есік деп ойлап, сол арқылы шығуға тырысты", - дейді қыз.

Ер адамның туыстары жалған ақпарат таратпауды өтінді.

"Оған қоса, олар бұл істі тезірек жабу үшін бізді кінәлауға тырысып жатыр. Тарап кеткен видео біздің жағдайымызды одан әрі нашарлатып жіберді және бізді қатты күйзеліске түсірді. Біз күндіз де, түнде де дұрыс ұйықтай алмай жүрміз. Мен бұл жалған айыптауларға қарсымын. Істің мәнін түсінбей, жалған ақпарат таратпауларыңызды сұраймын. Біз үлгілі отбасымыз және бізге тағылған барлық айыптар жалған", - деді туыстары.

Еске салайық, бұған дейін Ақтаудағы ауруханада болған оқиға туралы жазған болатынбыз. Маңғыстау облыстық көпсалалы аурухананың баспасөз қызметі 54 жастағы науқас ауруханаға жүрек ауруымен түскенін айтты. Ол реанимацияда нейроинсульт бөлімінде ем алып жатқан. Ер адам психомоторлық қозу жағдайында терезеден секіруге тырысқан.

Жаңалықтарды бәрінен бұрын біліп отырғыңыз келсе, Telegram-арнамызға жазылыңыз!

А. Жапатова