Ақтауда апатқа ұшыраған ұшақтың қара жәшігі Бразилияға жіберіледі

Ақтауда апатқа ұшыраған ұшақтың қара жәшіктерін Бразилияның авиациялық оқиғаларды тергеу және алдын алу орталығына (CENIPA) жіберу туралы шешім қабылданды, - деп хабарлайды Massaget.kz тілшісі.

Чикаго конвенциясының 13 қосымшасына сәйкес тергеу жүргізетін мемлекет борттық өздігінен жазғыш деректерін оқуды қамтамасыз етеді және оларды қай елде таратып жазу туралы шешім қабылдайды.

Қазақстан бұл Конвенцияны 1992 жылы ратификациялады және Халықаралық Азаматтық авиация ұйымының (ИКАО) мүшесі.

Жоғарыда аталған құжаттың негізінде, сондай-ақ ИКАО ұсынымдарын ескере және Әзербайжан мен Ресейдің авиациялық билік өкілдерімен кеңесе отырып, ҚР Көлік министрі Марат Қарабаев басқаратын авиациялық оқиғаны тергеу жөніндегі Комиссия борттық өздігінен жазғыштарды (қара жәшіктерді) Embraer әуе кемесін шығарушы Бразилияның авиациялық оқиғаларды тергеу және алдын алу орталығына (CENIPA) жіберу туралы шешім қабылдады.

CENIPA орталығында қажетті техникалық мүмкіндіктер қарастырылған, тиісті құралдармен жабдықталған және оларды оқу үшін сертификатталған зертхана бар. Бұл мәселе Мемлекет басшысының жеке бақылауында.

Қара жәшік: ұшақ апатында ол неге аса маңызды зат саналады?

Айта кетейік, "Қара жәшік" - ұшақ немесе тікұшақ бортында орналасқан, пилоттардың әңгімесін бастан-аяқ өздігінен жазатын (тіркеуші) аспап, сенімді қорғалған жинақтаушы құрал. Бастапқыда өздігінен жазатын мұндай құралдар тек авиацияда қолданылатын, алайда ол біртіндеп басқа да көлік түрлерін пайдалану ісіне ене бастады. Апат болған жағдайда оның себебін анықтау кезінде борттағы пилоттардың әңгімелерінен апаттық жағдайға байланысты айғақтарды іздестіру ісінде қолданылады.

Алдымен, "қара жәшік" деген сөздің мағынасына үңіліп көрейік. Шындығына келер болсақ, "қара жәшіктің" түсі қара емес, оны апат болған жерден тезірек табу үшін көбіне қызғылт сары түске боялады. Екіншіден, "қара жәшік" пішіні жағынан жәшікке мүлде келмейді.

Instagram парақшамызға жазылып, ең қызықты ақпараттарды бірінші болып оқыңыз!