Ақтауда апатқа ұшыраған ұшақтың экипаж мүшелері - Әзербайжан азаматтары

Төтенше жағдайлар министрлігі Ақтаудағы ұшақ апатына қатысты кейінгі мәліметтерді жариялады, - деп хабарлайды Massaget.kz тілшісі.

Azerbaijan Airlines әуе компаниясының деректері бойынша бортта 5 экипаж мүшесін қоса алғанда 67 адам болған. Жолаушылардың арасында: 6 Қазақстан азаматы, 42 Әзербайжан азаматы, 3 Қырғызстан азаматы, 16 Ресей азаматы, 1 адамның азаматтығы анықталуда.

Оқиға салдарынан 29 адам, оның ішінде 2 бала ауруханаға жатқызылды. Оның ішінде 15 Әзербайжан азаматы, 9 Ресей азаматы, 2 Қырғызстан азаматы, 3 адамның азаматтығы анықталуда.

Қазақстан Республикасы Премьер-министрінің орынбасары Қанат Бозымбаев, Қазақстан Республикасының ТЖ министрі Шыңғыс Әрінов, Қазақстан Республикасының Көлік министрі Марат Қарабаев және Қазақстан Республикасының ТЖ вице-министрі Кеген Тұрсынбаев, сондай-ақ үкіметтік комиссия мүшелері төтенше жағдай болған жерге барды. Сонымен қатар Әзербайжан Республикасының Төтенше жағдайлар министрі генерал-полковник Кямаладдин Фаттах оглы Гейдаров ТЖ орнында.

Жедел байланыс үшін Астана қаласындағы Командалық орталықта және Маңғыстау облысының ТЖД-да жедел желі телефондары жұмыс істейді. Жедел желі нөмірлері:

  • 8-7172-55-96-21;
  • 8-7172-55-96-83;
  • 8-7292-31-90-91.

Оған 571 өтініш түсті.

Түпқараған ауданы әкімдігінің өкімімен жергілікті ауқымдағы төтенше жағдай режимі жарияланды.

"Оқиға салдарын жоюға 482 адам, 97 бірлік техника, 2 әуе кемесі және 4 кинологиялық есеп жұмылдырылды. Жұмыстарға Төтенше жағдайлар, Ішкі істер, қорғаныс министрліктерінің, Ұлттық ұланның, мемлекеттік емес өртке қарсы қызметінің, мемлекеттік атқарушы органның, Апаттар медицинасы орталығының, жедел медициналық көмек бригадасының және жергілікті атқарушы органдардың қызметкерлері тартылды", - деп хабарлады Төтенше жағдайлар министрлігі.

Ақтаудағы ұшақ апаты туралы не белгілі?

Еске салайық, 25 желтоқсанда Ақтау маңында Бакуден Грозныйға ұшып бара жатқан ұшақ апатқа ұшырады. Бұл - Azerbaijan Airlines әуекомпаниясына тиесілі Эмбраер 190 ұшағы. Алдын ала ақпарат бойынша ұшақ бортында 67 адам, оның ішінде 5 экипаж мүшесі болған.

Кейінірек Қазақстанның Төтенше жағдайлар министрлігі өкілдері оқиға орнына барды. Құтқарушылар жеткен кезде ұшақ жанып жатқан.

Қазақстанның Көлік министрлігі де төтенше жағдайға байланысты мәлімдеме жасады. Ал әлеуметтік желіде оқиға орнынан видеолар тарады.

Кейінірек ТЖМ оқиға орнындағы өрт сөндірілгенін хабарлады. Маңғыстау облысының әкімі Нұрдәулет Қилыбай ұшақ апаты болған жерге барды. 

Көлік министрлігі ұшақ бортында болған адамдар жөнінде алдын ала мынадай ақпарат жариялады: бортта 37 Әзербайжан, 6 Қазақстан, 3 Қырғызстан, 16 РФ азаматы болған.

Президент Қасым-Жомарт Тоқаевтың тапсырмасымен ұшақ апатына қатысты комиссия құрылды. Комиссия құрамына премьер-министрдің орынбасары, Маңғыстау облысының әкімі, төтенше жағдайлар, көлік, сыртқы істер, ішкі істер, еңбек және халықты әлеуметтік қорғау, денсаулық сақтау министрліктерінің басшылығы, Бас көлік прокуроры кірді.

Көліктегі Полиция департаменті төтенше жағдайға байланысты қылмыстық іс қозғады.

Маңғыстау облыстық Денсаулық сақтау басқармасының алдын ала мәліметі бойынша 4 адам қаза тапқаны расталған.

Ақтау маңындағы ұшақ апатынан аман қалғандардың видеосы тарады.

Ал Azerbaijan Airlines жолаушылардың тізімін жариялады.

Қазақстанның Төтенше жағдайлар министрлігінің сағат 15:55-тегі мәліметі бойынша аман қалған 29 адам бар, оның ішінде 2-еуі - бала, олар ауруханаға жеткізілді.

Ақтаудағы ұшақ апатына қатысты Бас прокуратура мәлімдеме жасап, оқиға орнына елдің Бас көлік прокуроры барғанын хабарлады. Қылмыстық іс Қазақстан Республикасы Бас прокурорының ерекше бақылауында.

Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев Әзербайжан президенті Ильхам Әлиевке көңіл айтып, мемлекеттік комиссия тиісті шаралар қабылдап, Әзербайжан тарапына көмек көрсететінін мәлімдеді.

Өзекті жаңалықтарды өз уақытында оқу үшін Facebook парақшамызға жазылыңыз!