Ақтауда апатқа ұшыраған ұшақтың бортсерігі Хокуме Алиева туралы не белгілі?

Ақтауда апатқа ұшыраған Azerbaijan Airlines ұшағының жолаушылары ұшқыштар мен бортсеріктердің батыл әрекеттері туралы айтып жатыр. Massaget.kz тілшісі сабырлылығының арқасында ондаған адамның өмірін сақтап қалған Хокуме Әлиева туралы не белгілі екенін анықтады.

Бакуден Грозныйға ұшқан ұшақ апатынан аман қалғандардың бірі экипаждың жұмысы туралы айтып, оның ішінде аға стюардессаға ерекше назар аударды. Субхонкул Рахимовтың айтуынша, бортсерік сабырлық танытып, жолаушыларға нұсқау беруді жалғастырған.

"Аға бортсерік соңына дейін күресті. Барлық нұсқауды түсіндірді. Ол өз міндеттерін "беске" орындады. Ол тірі қалды ма, жоқ па, білмеймін, бірақ ол өз міндеттерін керемет орындады", - деді ол.

Хокуме Әлиеваның нақты аға бортсерік болып-болмағаны белгісіз, бірақ AZAL ресми тізімінде Хокуменің есімі екі ұшқыштың есімінен кейін тұрады.

"Бұл Хокуменің соңғы рейстерінің бірі еді"

Media.az басылымының мәліметінше, 33 жастағы Хокуме Әлиева Әзербайжанның батыс бөлігінде, Кельбаджар ауданы Сусузлуг ауылында дүниеге келген және Ганджада тұрған. 1996 жылы Хокуме Әлиева ата-анасымен Ресейге көшіп, 1-6 сынып аралығында Волгоград облысында оқыды. Кейінірек отбасы Әзербайжанға қайта оралып, онда қыз Баку мемлекеттік университетінде заң бойынша бакалавр мен магистратура деңгейін игерген.

Хокуме Әлиеваның әкесі қызының AZAL-да 2016 жылдан бері жұмыс істеп келе жатқанын айтты. Хокуме бортсерік лауазымынан заңгер қызметін атқаруға ауыспақшы болған, ал бұл оның соңғы рейсі еді. 

Бортсеріктің анасы Кямаля Әлиева апат кезінде ерлік танытқан қызымен мақтанады. 

"Менің қызым жолаушылардың өмірін әкесі мен анасының көңілінен жоғары қойды. Таңертең біз қалаға бардық. Күйеуі ағасына қоңырау шалып, Хокуме жұмыс істейтін ұшақ апатқа ұшырағанын айтты. Біз үйге келдік. Басында маған ештеңе айтылмады, бірақ шындықты білгенде, сағым сынды. Мен қызыммен мақтанамын", - деді Кямаля Әлиева Unikal-ға берген сұхбатында.

Embraer E190AR Azerbaijan Airlines ұшағы апатқа ұшыраған кезде экипаждың бес мүшесінің үшеуі - ұшқыш Игорь Кшнякин, ұшқыш Александр Кальянинов және бортсерік Хокуме Әлиева қаза тапты. Екі бортсерік - Зульфугар Асадов пен Айдан Рагимли тірі қалды. Қазақстан ТЖМ баспасөз қызметінің деректеріне сүйенсек, Хокуиме Әлиеваның денесі табылды.

Экипаж мүшелерін қосқанда бортта 67 адам болған, оның 38-і қаза тапты.

Ақтаудағы ұшақ апаты туралы не белгілі?

Еске салайық, 25 желтоқсанда Ақтау маңында Бакуден Грозныйға ұшып бара жатқан ұшақ апатқа ұшырады. Бұл - Azerbaijan Airlines әуекомпаниясына тиесілі Embraer 190 ұшағы. Алдын ала ақпарат бойынша ұшақ бортында 67 адам, оның ішінде 5 экипаж мүшесі болған.

Кейінірек Қазақстанның Төтенше жағдайлар министрлігі өкілдері оқиға орнына барды. Құтқарушылар жеткен кезде ұшақ жанып жатқан.

Қазақстанның Көлік министрлігі де төтенше жағдайға байланысты мәлімдеме жасады. Ал әлеуметтік желіде оқиға орнынан видеолар тарады.

Кейінірек ТЖМ оқиға орнындағы өрт сөндірілгенін хабарлады. Маңғыстау облысының әкімі Нұрдәулет Қилыбай ұшақ апаты болған жерге барды. 

Көлік министрлігі ұшақ бортында болған адамдар жөнінде алдын ала мынадай ақпарат жариялады: бортта 37 Әзербайжан, 6 Қазақстан, 3 Қырғызстан, 16 РФ азаматы болған.

Президент Қасым-Жомарт Тоқаевтың тапсырмасымен ұшақ апатына қатысты комиссия құрылды. Комиссия құрамына премьер-министрдің орынбасары, Маңғыстау облысының әкімі, төтенше жағдайлар, көлік, сыртқы істер, ішкі істер, еңбек және халықты әлеуметтік қорғау, денсаулық сақтау министрліктерінің басшылығы, Бас көлік прокуроры кірді.

Көліктегі Полиция департаменті төтенше жағдайға байланысты қылмыстық іс қозғады.

Маңғыстау облыстық Денсаулық сақтау басқармасының алдын ала мәліметі бойынша 4 адам қаза тапқаны расталған.

Ақтау маңындағы ұшақ апатынан аман қалғандардың видеосы тарады.

Ал Azerbaijan Airlines жолаушылардың тізімін жариялады.

Қазақстанның Төтенше жағдайлар министрлігінің сағат 15:55-тегі мәліметі бойынша аман қалған 29 адам бар, оның ішінде 2-еуі - бала, олар ауруханаға жеткізілді.

Ақтаудағы ұшақ апатына қатысты Бас прокуратура мәлімдеме жасап, оқиға орнына елдің Бас көлік прокуроры барғанын хабарлады. Қылмыстық іс Қазақстан Республикасы Бас прокурорының ерекше бақылауында.

Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев Әзербайжан президенті Ильхам Әлиевке көңіл айтып, мемлекеттік комиссия тиісті шаралар қабылдап, Әзербайжан тарапына көмек көрсететінін мәлімдеді.

Аптаның басты оқиғалары мен пайдалы видеоларды көру үшін YouTube арнамызға жазылыңыз