- Негізгі бет
- Басты жаңалықтар
- Ақтауда WhatsApp арқылы...
Ақтауда WhatsApp арқылы зат сатамын деп алдап, адамдардың ақшасын жымқырған екі қыз сотталды
Ақтауда WhatsApp арқылы зат сатамын деп алдап, адамдардың ақшасын жымқырған екі қыз сотталды, - деп хабарлайды Massaget.kz тілшісі.
Ақтау қалалық соты А. және Б.-ға қатысты қылмыстық істі қарады.
Тергеу органымен:
- А. ҚК-нің 262-бабының 1-бөлігімен, 190-бабының 4-бөлігінің 1,2-тармақтарымен, 218-бабының 1-бөлігімен,
- Б. ҚК-нің 262-бабының 2-бөлігімен, 190-бабының 4-бөлігінің 1,2-тармақтарымен айыпталған.
Сотпен анықталғаны:
А. 2021-2023 жылдары Whats App желісінде 25-топ ашып, оған әкімгер ретінде өзінің таныстарын қойып, адамдарды топқа тіркелуге шақырып, онда төмен бағада ыдыс-аяқтар мен тұрмыстық техникалардың сатылатынын жарнамалап, сол арқылы жәбірленушілерден тауар алуға түскен ақшаларды иемденіп, өз қажеттілігіне жұмсаған.
Сондай-ақ А. қылмыстық жолмен иемденген ақшаларды заңдастыру мақсатында жылжымайтын және жылжымалы мүліктерге сату сатып-алу келісімшарттарын жасаған.
Б., А. ашқан 4 топтың әкімшісі бола тұра, жәбірленушілерге (тұтынушыларға) топ арқылы жалған ақпараттар, жарнамалар, алаяқтық әрекеттерге жәрдемдескен, яғни жәбірленушілерден тапсырыстар мен ақшаларды иемденіп, оның бір бөлігін өзіне қалдырып, қалған бөлігін А-ға аударып отырған.
Сотталушылардың қылмыстық іс-әрекеттері салдарынан жалпы 294 жәбірленушіге 2,8 миллиард теңгеден астам материалдық шығын келген.
Тараптардың ұстанымы:
Прокурор сотталушыларға бас бостандығынан айыру жазасын тағайындауды сұрады. Жәбірленушілер сотталушылардан келген материалдық шығынды өндіруді сұрап, жаза тағайындау мәселесін соттың қарауына қалдырды. Сотталушылар кінәларын ішінара мойындап, бас бостандығынан айырмайтын жаза тағайындауды сұрады.
Сот үкімі:
Сотталушылардың кінәсі жәбірленушілерден жауап алу хаттамаларымен, ақша аударымдарымен және істегі басқа да дәлелдермен дәлелденді. А. және Б.-ға жаза тағайындау барысында асырауларында кішкентай балаларының болуын жауапкершіліктерін жеңілдететін мән-жайлар деп танып, ауырлататын мән-жайлар анықталмады.
А. ҚК-нің 190-бабының 4-бөлігінің 2-тармағымен, 218-бабының 1-бөлігімен кінәлі деп танып, ҚК-нің 58-бабының 3-бөлігіне сәйкес, түпкілікті мүлкі тәркіленіп, 9 жыл 8 ай мерзімге бас бостандығынан айыру жазасы тағайындалды. ҚК-нің 262-бабының 1-бөлігі бойынша кінәсі дәлелденбегендіктен ақталды.
Б. ҚК-нің 190-бабының 4-бөлігінің 2-тармағымен 6 жыл 8 ай мерзімге бас бостандығынан айыру жазасы тағайындалды. ҚК-нің 262-бабының 2-бөлігі бойынша кінәсі дәлелденбегендіктен ақталды.
Жәбірленушілердің талап-арыздары толық қанағаттандырылды.
Үкім заңды күшіне енген жоқ.
Аптаның басты оқиғалары мен пайдалы видеоларды көру үшін YouTube арнамызға жазылыңыз
С. Сатыбалдина