Ақтауда ұры есікті гантельмен сындырып, құны 1,8 миллион теңге тұратын телефондарды ұрлап кеткен, - деп хабарлайды Massaget.kz тілшісі lada.kz сайтына сілтеме жасап.
Оқиға 23 шілдеге қараған түні қаланың 12-ші ауданындағы қызмет көрсету орталығында болған. Қызметкерлер камералардан бетін шүберекпен жауып алған жігіттің алдыңғы әйнек есікті гантельмен сындырып, бірден дүкен терезелерінен телефондарды ала бастаған. Ол осы әрекеттерін бар болғаны бір минут ішінде жасаған.
Орталық қызметкерлерінің айтуынша, ұры дайындалып, бәрін алдын ала ойластырып қойған. Бірақ, қолына қолғап кимегендіктен іздері қалып қалған. Келтірілген шығынның жалпы сомасы 1,8 миллион теңге болды.
"Қызмет көрсету орталығында бірден дабыл соғылды, бірақ ер адамды ұстау мүмкін болмады. Орталық басшылары полицияға арыз жазды. Құқық қорғау органдары қылмыскерді ұстайды деп үміттенеміз", - делінген порталда.
Жаңалықтарды бәрінен бұрын біліп отырғыңыз келсе, Telegram-арнамызға жазылыңыз!