Ақтауда 100 оқушы домбырамен бірнеше күй тартты

Ақтауда 100 оқушы домбырамен бірнеше күй тартты
Фото: Маңғыстау облысы әкімінің баспасөз қызметінен

Бүгін Ақтаудағы Қ.Сыдиықов атындағы облыстық кітапханада Назарбаев Зияткерлік мектебінің оқушылары домбыра тартты. 100 домбырашы бір уақытта Абай Құнанбаевтың "Көзімнің қарасы", "Ерке сылқым" және "Жастар биі" шығармаларын орындап, өнерлерін Республика күніне арнады.

"Ұлы дала мұрагерлері" домбырашылар шеруі дәстүрлі түрде жыл сайын өтеді. 4 жыл бойы республика бойынша Назарбаев Зияткерлік мектебінің 21 филиалының барлық оқушылары бір мезгілде қазақ музыкасының классикалық шығармаларын орындап жүр.

"Біздің мектеп үшін, ата-аналарымыз үшін бүгін ерекше күн. Биыл алғаш рет қыркүйек айынан бастап домбырада ойнауды үйренген оқушылар өнерлерін паш етті. 7-сынып оқушылары патриотизм мен Отанға деген сүйіспеншілікті насихаттайтын үш музыкалық шығарма ойнады. Біздің мектепте академиялық білім мен ғылыммен қатар, ұлттық патриотизмді, ұлттық рухты насихаттау жолға қойылған. Біздің міндетіміз - оқушыларға шығармашылық тұрғыда өзін-өзі дамытуға көмектесу", - деді Ақтау қаласындағы НЗМ директоры Ринат Жұмабаев.

Домбыра сабақтары - мектеп оқушылары үшін міндетті пәндердің бірі. 7-сыныпқа түскендердің барлығы домбыра негіздерін үйрене бастайды және екі айдан кейін қарапайым шығармаларды орындай алады.

"Мен 7-сыныптан бастап домбыра ойнаймын. Домбыра сабақтары міндетті пән, әр тоқсан сайын бағаланады. Домбырашылар клубында 100-ге жуық адам бар. Домбырада ойнауға дайындықты жеңілдету үшін біз алдымен оқушыларды сыныптарға бөліп, шығарманы бөліктерге бөлеміз. Флешмобқа шамамен екі апта қалғанда біз аптасына екі рет шығармаларды бірге орындаймыз. Оқушылардың саны сапаны көрсетпейді. Менің ойымша, оқушылардың санына емес, дайындықтың сапасына назар аударған дұрыс. Бүгін біздің 7-сынып оқушыларымыздың дебюті, болашақта олар өз білімдерін келесі оқушыларға үйретеді", - дейді 12-сынып оқушысы, НЗМ домбырашылар клубының президенті Аманжол Елнар.

Суреттер: Маңғыстау облысы әкімінің баспасөз қызметінен

"Мен қыркүйек айынан бастап домбырада ойнауды үйрене бастадым. Әрине, оңай болды деп айтпаймын, бірақ мұғалім үйреткен арнайы оқыту әдістемесінің және күнделікті жаттығулардың арқасында біз ұлттық музыкалық аспапты нөлден бастап игере алдық. Флешмобта біз Абай Құнанбаевтың "Көзімнің қарасы" шығармасын орындадық. Мен оны бұрын да білетінмін, ал бүгін мен оны домбырада ойнай аламын", - деді 7-сынып оқушысы Данара Ержан.

Маңғыстау облысы әкімінің баспасөз қызметі ұсынған материал

Massaget.kz