Ақтау тұрғыны су төгетін каналда жаппай қырылған шаяндарды видеоға түсіріп алған, - деп хабарлайды Massaget.kz тілшісі lada.kz-ке сілтеме жасап.
Ақтаулық тұрғын 1-ЖЭО-дан "Солдат" жағажайына дейінгі су төгетін каналдан өлі шаяндарды тапты. Видеоның авторы кадрлар 2 мамырда түсірілгенін айтады. Оның сөзінше, шаяндар каналға лақтырылған болуы мүмкін.
"Приморскийдің дәл ортасында орналасқан канал. Шаян тау боп үйіліп жатыр. Олар өлі ме тірі ме, білмеймін", - дейді видео авторы.
Маңғыстау облысының балық инспекциясы басқармасы өкілдері оқиғаға қатысты жауап берді.
"Қазіргі уақытта біздің қызметкерлер оқиға орнында жұмыс істеп жатыр. Қорытындылар мен нәтижелерді кейінірек хабарлаймыз. Бұл - су төгетін канал. 1-ЖЭО-дағы теңіз сорғысы бөгет ауданындағы турбиналарды салқындату үшін су алады, содан кейін ластанбай тұрып бұл су осы канал арқылы Каспийге қайта ағызылуы қажет", - деп түсіндірді Маңғыстау облысының балық инспекциясы басқармасының мамандары.
Оқиға орнына Маңғыстау облысының Экология департаментінің мамандары да барды. Олар судың сынамаларын алып, тексереді.
Өзекті жаңалықтарды өз уақытында оқу үшін Facebook парақшамызға жазылыңыз!