Ақтау теңіз порты арқылы шетелге мұнай заңсыз шығарылған: 45 млрд теңгенің схемасы әшкере болды

Ұлттық қауіпсіздік комитеті мұнай өнімдерін Қазақстаннан тыс жерлерге заңсыз экспорттаумен айналысқан ұйымдасқан топтың жолын кесті, - деп хабарлайды Massaget.kz тілшісі.

Тергеу дерегіне сәйкес қылмыстық схеманы ұйымдастырушы - Маңғыстау облысының кәсіпкері жер қойнауын пайдаланушы компаниялармен шикі мұнай сатып алуға, кейін мұнайды Standart Petroleum және Mangystau Oil Refining шағын мұнай өңдеу зауыттарында өңдеп, жалған сапа паспорттарын рәсімдеуге шарттар жасасқан. Одан әрі өнім пеш отыны ретінде көрсетіліп, Ақтау теңіз порты арқылы танкермен шетелге шығарылған.

ҰҚК мәліметінше, 2019-2023 жылдар аралығында тек Batys Nefte Trade ЖШС арқылы шетелге 160 мың тоннадан аса мұнай өнімі заңсыз экспортталған. Операциялардың жалпы көлемі шамамен 45 миллиард теңгеге бағаланған.

"Биыл жүргізілген іс-шаралар аясында қылмыстық іс қатысушыларының активтері, сондай-ақ, шағын мұнай өңдеу зауыттары, танкер және өзге де мүлік тәркіленді. Заңсыз кіріс пен төленбеген салық бойынша 2 миллиард теңгеден аса қаражат мемлекет пайдасына өндірілді", - деп жазылған хабарламада.

Бұған дейін Ақтау қалалық сотының үкімімен ұйымдасқан қылмыстық топтың бес қатысушысы, соның ішінде шағын мұнай өңдеу зауыттары мен трейдерлік компанияның басшылары ҚР Қылмыстық кодексінің 234-бабы 3-бөлігі, 262-бабы 2-бөлігі бойынша 8 жылға бас бостандығынан айырылған.

Қылмыстық схеманы ұйымдастырушы халықаралық іздеуде.

Өзекті жаңалықтарды өз уақытында оқу үшін Facebook парақшамызға жазылыңыз!