Ақтау прокурорына қатысты даулы іс: сот алқасы не шешті?

Маңғыстау облыстық сотының қылмыстық істер жөніндегі сот алқасы Ақтау прокуроры Ерболат Әбдіровке қатысты ұсақ бұзақылық дерегі бойынша істі апелляциялық тәртіпте қайта қарады, - деп хабарлайды Massaget.kz тілшісі.

Мән-жайы

Бұған дейін Telegram арналарда Ақтау қаласының прокуроры Ерболат Әбдіров Алматы әуежайында мас күйде жанжал шығарғаны үшін ұсталып, айыппұл салынды деген ақпарат тарады.

Сот алқасы не шешті?

Сот алқасы прокурор кінәсіз екені жөнінде бірінші сатыдағы соттың тұжырымдары негізсіз екенін анықтады.

"Апелляциялық қарау барысында 2025 жылы 27 тамызда сағат 23:00-де Ә. Алматы-Астана бағыты бойынша КС-955 рейсіне жолаушыларды тасымалдаған автобуста адамдарға тіл тигізіп, қоғамдық тәртіпті бұзғаны расталды. Ә.-нің кінәсі іс материалдарымен дәлелденді", – деп жазылған хабарламада.

Сот алқасы прокурор ұсақ бұзақылық жасаған деген шешімге келді. Бұл құқықбұзушылық ӘҚБтК-нің 434-бабы 1-бөлігінде көзделген. 

"Нәтижесінде Ә. әкімшілік құқықбұзушылық жасағаны үшін кінәлі деп танылып, оған 78 640 теңге көлемінде айыппұл түріндегі әкімшілік жаза тағайындалды", – деп жазылған сот хабарламасында.

Қаулы заңды күшіне енді.

Аптаның басты оқиғалары мен пайдалы видеоларды көру үшін YouTube арнамызға жазылыңыз