Ақтау маңындағы ұшақ апатына қатысты қылмыстық іс қозғалды, - деп хабарлайды Massaget.kz тілшісі Көліктегі полиция департаментінің баспасөз қызметіне сілтеме жасап.
"Қазір Көліктегі полиция басқармасының қызметкерлері (Абайсызда екі немесе одан да көп адамның өліміне әкеп соққан көлік құралын пайдалану кезінде қауіпсіздік ережелерін бұзу) бабы бойынша соталды тергеу амалдарын бастады", - делінген хабарламада.
Қылмыстық-процестік кодекстің 201-бабына сәйкес өзге мәліметтер жария етілмейді.
Бакуден Грозныйға ұшқан ұшақ Ақтауға шұғыл қонуды сұрады деген алғашқы ақпарат сағат 11:20-да пайда болды.
Грозный әуежайының баспасөз қызметінің мәліметінше, бағыт өзгеруіне тұман себеп болған. Ұшақ алдымен Махачкалаға, одан кейін Ақтауға қайта бағытталды.
Еске салайық, 25 желтоқсанда Ақтау маңында ұшақ апатқа ұшырады. Ұшақ Бакуден Грозныйға ұшып бара жатқан. Бұл ұшақ Azerbaijan Airlines авиакомпаниясына тиесілі.
Кейінірек Төтенше жағдайлар департаменті оқиға орнына барды. Құтқарушылар жеткен кезде ұшақ өртеніп жатқаны анықталды.
Қазақстанның Көлік министрлігі де төтенше жағдайға байланысты мәлімдеме жасады.
Instagram парақшамызға жазылып, ең қызықты ақпараттарды бірінші болып оқыңыз!