Ақтау маңындағы ұшақ апаты: БАҚ ресейлік әскеридің түсініктемесін жариялады

Әзербайжандық Minval басылымы 1 шілдеде ресейлік әуе шабуылына қарсы күштердің капитаны Дмитрий Паладичуктың түсініктемесін жариялады. Құжат мәтініне сүйенсек, ол 2024 жылғы 25 желтоқсанда Грозныйға ұшқан Azerbaijan Airlines (AZAL) компаниясына тиесілі Embraer 190 ұшағына оқ ату туралы бұйрық берген, - деп хабарлайды Massaget.kz тілшісі.

Minval мақаласында редакцияға "сенсациялық материалдар көрсетілген анонимді хат" келіп түскені айтылған. Хатпен бірге ұшаққа соққы жасалған сәтте түсірілген видео және аудиожазбалар да болған.

Дмитрий Паладичуктың түсініктемесінде тікелей Embraer 190 ұшағы аталмайды. Онда "тұман салдарынан көрінбей тұрған нысан" туралы айтылған. Капитан Паладичук 51-дивизияның әскери командалық пунктіне биіктігі мен жылдамдығын айтып, нысан туралы мәлімдеген. Содан кейін ол телефон арқылы нысананы жою туралы бұйрық алып, операторға атуға пәрмен берген. Алғашқы зымыран нысанаға тимеген соң, Паладичук қайта атуға бұйрық береді.

The Insider мәліметінше, Дмитрий Паладичук Ресейдің ӘШҚ түрлі бөлімдерінде, соның ішінде ӘҚК мен ӘШҚ 14-армиясында қызмет еткен. Капитан басылымға түсініктеме жазғанын телефон арқылы растаған.

"Паладичук "ұшаққа оқ атқаннан" кейін "армия қолбасшысының талабымен" түсініктеме жазғанын растады, сондай-ақ, өзінің жазу ерекшеліктерін, мысалы "ё" әрпін жазу тәсілін айтты. Сонымен қатар, оның дауысы әзербайжандық БАҚ жариялаған видеодағы дауыспен сәйкес келеді", – деп жазды The Insider.

Айта кетейік, AZAL әуекомпаниясының Embraer 190 жолаушылар ұшағы Бакуден Грозныйға бет алған. Ол 2024 жылғы 25 желтоқсанда Ақтау маңында апатқа ұшыраған еді. Ұшақта бес экипаж мүшесін қосқанда жалпы 67 адам болған. Олардың 38-і қаза тауып, 29-ы аман қалған.

Қызықты жаңалықтар мен видеоларды көру үшін TikTok арнамызға жазылыңыз!