Ақтау қаласына жаңа әкім тағайындалды

Ақтау қаласына жаңа әкім тағайындалды
Фото: gov.kz

Маңғыстау облысының әкімі Нұрдәулет Қилыбайдың өкімімен және Президент Әкімшілігінің келісімімен Ақтау қаласының әкімі болып Мақсат Мұқаш тағайындалды, - деп хабарлайды Massaget.kz тілшісі өңір әкімінің баспасөз қызметіне сілтеме жасап.

Мақсат Мұқаш Л. Н. Гумилев атындағы Еуразия ұлттық университетін "дене шынықтыру және спорт" мамандығы бойынша, Қазақ гуманитарлық-заң университетін "құқықтану" мамандығы бойынша бітірген. 2015 жылы Қазақ экономика, қаржы және халықаралық сауда университетін "мемлекеттік және жергілікті басқару" мамандығы бойынша тәмамдаған.

Еңбек жолын 2013 жылы Жаңаөзен қаласындағы № 7 орта мектептің дене шынықтыру пәнінің мұғалімі және № 2 балалар мен жасөспірімдер спорт мектебінің еркін күрестен жаттықтырушысы болып бастаған.

2016-2017 жылдары Жаңаөзен қаласының Қызылсай кентіндегі № 3 балалар мен жасөспірімдер мектебі директорының орынбасары, 2018-2019 жылдары осы мектептің директоры қызметін атқарды.

2019 жылдан 2023 жылғы маусымға дейін Жаңаөзен қаласындағы № 1 балалар мен жасөспірімдер спорт мектебін басқарды. 2021-2023 жылдары Жаңаөзен қалалық мәслихатының VII шақырылымының депутаты, сондай-ақ "Ақ жол" партиясы Жаңаөзен қалалық филиалының төрағасы болды.

2023 жылғы маусым-қазан аралығында Маңғыстау облысы әкімінің көмекшісі қызметін атқарды. 2023 жылғы 24 қазанда Маңғыстау облысының дене шынықтыру және спорт басқармасының басшысы болып тағайындалды. 2025 жылғы желтоқсаннан бастап қазірге дейін Жаңаөзен қаласы әкімінің орынбасары қызметін атқарды.

Еске салайық, Ақтау қаласын бұрын Әбілқайыр Байпақов басқарған еді.

Өзекті жаңалықтарды өз уақытында оқу үшін Facebook парақшамызға жазылыңыз!

Massaget.kz
Logotype Massaget