Қазақстан Президенті жағажай, бассейнді аквапаркі және қонақ үй кешені бар демалыс орнының жұмысымен танысты, деп хабарлайды Massaget.kz Ақордаға сілтеме жасап. Нұрсұлтан Назарбаев туристермен әңгімелесу барысында Каспий шипажайларында демалудың артықшылықтарын, соның ішінде бағаның қолжетімділігін, суға шомылу маусымының ұзақтығын, Ақтау қаласы инфрақұрылымының жақындығын, қонақ үй санының көптігін атап өтті. Мен бұған дейін Алакөлде, Балқашта, Бурабайда болдым. Бұл демалыс аймағы отандық туризмді дамыту үшін жаңа мүмкіндіктер береді. Біз осы саланы ілгерілетуді жоспарлап отырмыз. Ақтау қаласы келешекте Қазақстанның Анталиясына айналады, - деді Мемлекет басшысы. Бір маусымда 140 мыңға жуық адамды қабылдауға мүмкіндігі бар демалыс аймағы 5,7 гектарды қамтиды және Ақтау қаласынан 25 шақырым жерде орналасқан. Туристік нысанға тартылған инвестицияның жалпы көлемі - 485,2 миллион теңге.