- Негізгі бет
- Басты жаңалықтар
- Ақтау халқы ауызсудан...
Ақтау халқы ауызсудан қағылуына Rixos-тың қатысы бары рас па?
Мұнайдың үстінде, қарт Каспийдің жағасында отырса да Ақтауда ауызсу мәселесі жыл сайын ушығады. Massaget.kz тілшісі жағдайды анықтау үшін өңірдегі құзырлы органдарға ресми сауал жолдады.
"Бір тамшы да су ақпады"
Редакцияға жүгінген жергілікті тұрғындар қалада жаз басталса су мәселесі ушығатынын айтты. Су жіберсе, ыдыстарына толтырып алудан шаршаған халық талай мәрте бұл мәселені көтеріп келеді.
"Суды аңдып күтіп отырамыз", "Көшіп келгеніме 2 жаз. Жаз болса осылай", "1 тамшы да су ақпады", "Сусыз өмір өмір емес", - деп ашынды тұрғындар.
Сондай-ақ, жергілікті халық мұның бір себебін қалада Rixos Water World Aktau қонақүйі ашылуымен де байланыстырады.
"Содан бері судың қысымы азайып кетті, қалаға су жетпейді", - дейді жұрт.
Әкімдік мәліметінше, 2023 жылы жазда облыс тұрғындары ауызсумен тәулігіне орташа есеппен 150 300 текше метр көлемінде қамтылған.
Ведомство өкілдері 2023 жылы жазда тәулігіне шамамен 77 000 текше метр, биыл маусымда 62 000 текше метр, шілдеде 42 500 текше метр көлемінде ауызсу тапшылығы болғанын, тамызда 22 500 текше метр, қыркүйекте 14 500 текше метр көлемінде ауызсу тапшылығы болады деп жоспарланып отырғанын мәлімдеді.
Әкімдік мәселенің себебін қалай түсіндірді?
Ақтау қаласы әкімдігінің Massaget.kz-ке берген ресми жауабына сүйенсек, пайдалануға берілген жаңа тұрғын үйлер мен ғимараттар көбеюіне байланысты қалада ауызсуды тұтыну көлемі өткен жылдармен салыстырғанда өскен.
"Қалада ауызсу жетпеуіне байланысты су қоймасындағы судың деңгейін қалыпты жағдайда ұстау үшін су көлемін жинауға негізгі құбырдағы судың қысымы төмендетіледі. Бұл - тұрғын үйге келетін су мөлшері аз болуының кейде болмауының негізгі себебі", - деп жазылған әкімдіктің Massaget.kz-ке жауабында.
©️ Tengrinews.kz / Тұрар Қазанғапов
"Сумен жабдықтау желілері тозған"
Облыс бойынша сумен жабдықтау желілерінің жалпы ұзындығы - 3 897,02 шақырым, оның ішінде 1 201,21 шақырымы, яғни 31 пайызы тозған.
- қалаларда 764,5 шақырым, тозғаны 516,82 шақырым немесе 67,60 пайыз (көбі Ақтау қаласына тиесілі);
- ауылдық елді мекендерде 3 132,5 шақырым, 684,39 шақырымы тозған немесе 21,85 пайыз;
Облыс бойынша су бұру желілерінің жалпы ұзындығы - 582,93 шақырым, оның ішінде тозғаны - 329,88 шақырым немесе 56,59 пайыз.
- қалаларда 490,88 шақырым, тозғаны 303,98 шақырым немесе 61,93 пайыз (көпшілігі Ақтау қаласына тиесілі);
- ауылдық елді мекендерде 92,05 шақырым, тозғаны 25,90 шақырым немесе 28,14 пайыз.
Ведомство мәліметінше, Ақтау қаласы бойынша сумен жабдықтау және су бұру желілерін кезең-кезеңімен жөндеу жұмыстары жүргізіліп жатыр.
Rixos-тың кесірінен халық судан қағылып отырғаны рас па?
Маңғыстау облысы әкімдігі мәліметінше, Ақтау қаласындағы Rixos қонақүй кешені "Каспий" су тұщыту зауыты арқылы ауызсумен қамтылып отыр.
Сонымен қатар, баспасөз қызметі өкілдері "Rixos-тың кесірінен халық судан қағылып отыр" деген ақпарат шындыққа жанаспайтынын, бұған дейін де бұл мәселе айтылғанын мәлімдеді.
"Каспий" су тұщыту зауыты арқылы жылы жағажай бағытына тәулігіне 2000-2500 текше метр ауызсу беріледі. Соның ішінде қонақүйге "Каспий жылу, су арнасы" МКК-ның құбыры арқылы тәулігіне орташа есеппен 800 текше метр ауызсу беріліп жатыр. Rixos қонақүй кешенінен шыққан су магистральдық коллектор арқылы Ақтау қаласындағы КТҚ-1 нысанына, одан әрі КТҚ-2 нысанына құйылады. Бұған дейін қонақүй кешені кіші кәріз тазарту ғимараты арқылы сарқынды суды тазартып отырды, ал қазіргі таңда магистральдық коллекторға қосылғаннан кейін кіші кәріз тазарту ғимараты қолданыстан шығарылды", - деп жазылған жауапта.
Lada.kz
Анықтама: Rixos Water World Aktau - курортты қонақүй, ол all inclusive жүйесі бойынша жұмыс істейді. Нысан 2020 жылғы тамызда пайдалануға берілді.
Халықты ауызсумен жеткілікті деңгейде қамту үшін не істеліп жатыр?
Бүгінде Ақтау қаласын "МАЭК" ЖШС тәулігіне шамамен 52-54 000 м3 ауызсумен қамтамасыз етіп отыр. Маңғыстау облысы әкімдігі мәліметіне сүйенсек, Ақтауда 2024 жылғы жазда қосымша қажет ауызсу көлемі - шамамен 20 000-25 000 текше метр.
Әкімдік мәліметінше, Ақтау қаласындағы ауызсу тапшылығын жою бағытында мынадай жобалар жасалып жатыр:
- "МАЭК" ЖШС ОСЖТ-2 аумағында өнімділігі тәулігіне 6 000 текше метр су тұщыту қондырғылары салынады. Қазір модульдік ғимараты және қодырғыларды орнату жұмыстары аяқталды. Іске қосу жұмыстары басталып, сынақ түрінде ауызсу өндіріліп жатыр.
- "Каспий" су тұщыту зауытын тәулігіне 20 000 м3 тан 40 000 м3-қа дейін кеңейту" жобасы. Жобаны іске асыру мерзімі - 2024 жылғы тамы. Жоба жүзеге асырылып, іске қосылғаннан кейін Ақтау қаласына қосымша тәулігіне 6 000-10 000 м3 ауызсу беріледі.
- Жеке инвестор "СК-А-Строй" ЖШС-нің есебінен "Ақтау қаласында су тұщыту зауытының құрылысын салу". Қазір су тұщыту зауыты тәулігіне 6 000-6 500 м3 ауызсу өндіріп жатыр, 2024 жылғы тамызда зауыт қуатын тәулігіне 7 000-7 500 м3 дейін арттыру жоспарланып отыр.
- Төртінші жоба - "МАЭК" ЖШС аумағында кері осмос қолдану арқылы тәулігіне 24 000 текше метр су өндіру қондырғыларын салу". Жоба әзірленіп жатыр, 2024 жылғы шілденің басында мемлекеттік сараптамаға енгізілді. Мемлекеттік сараптамадан шығу уақыты - биылғы қыркүйек. Жобаны толық іске асыру мерзімі - 2025 жылғы 1 маусым.
- "МАЭК" ЖШС-де қуаттылығы тәулігіне 4 000 текше метр дистилляциялық тұщыландыру қондырғылары (ДТҚ) жабдығын ауыстыру". Жөндеу жұмыстарын іске асыру кезеңі - 2025 жылдың 1 жарты жылдығы.
Қалада су тұтыну көлемін мына нысандар арқылы қамтамасыз ету көзделіп отыр:
- "Астрахань-Маңғышлақ" су құбыры арқылы - 65 000 м3/тәу.
- "МАЭК" ЖШС - 58 000 м3/тәу.
- "Каспий" су тұщыту зауыты" ЖШС - 40 000 м3/тәу.
- Жер асты сулары кен орындары - 14 800 м3/ тәу.
- "Алека" ЖШС - 9 500 м3/тәу.
- "Ақтау су тұщыту зауыты" ЖШС - 7 000 м3/тәу.
- "Форт-Шевченко су тұщыту зауыты" - 5 000 м3/тәу.
Сонымен қатар жауаптылар, 13 маусымнан бастап қала аумағындағы 16, 17, 27, 18, 18а, 19, 19а, 20, 20а, 30, 31, 31а, 31б, 32, 32а, 32б, 32в, 33, 34, 34а, 35, 38, 39-шағынаудандарда ауызсу кесте бойынша беріліп жатқанын мәлімдеді.
Еске салайық, бұған дейін Ақтау тұрғындары ауызсу жоқтығынан жолды жауып тастағаны хабарланды. 11 маусымда 19-шағынаудандағы №23 үйдің алдына тұрғындар жиналған. Қала әкімі, Ақтау қалалық тұрғын үй инспекциясы бөлімінің, Ақтау қалалық тұрғын үй-коммуналдық шаруашылық бөлімінің жауапты қызметкерлері және "Каспий жылу, су арнасы" МКК басшылығы тұрғындармен сөйлесіп, су неліктен жоқ екенін түсіндірген. Артынша тұрғындар үйіне оралған.
Кейін Ақтау тұрғындары үйлерінде ауызсу болмауына байланысты 19-шағынаудандағы жолды тағы жауып тастады, бұл кезде де жергілікті билік оларға жағдайды түсіндіріп, бірінші кезекте олардың талабын орындауға уәде берді.
Ал "МАЭК" ЖШС ауызсу деңгейін тұрақтандыру үшін 10 шілдеден бастап қаланың шағынаудандарына ауызсу кестемен берілетінін мәлімдеді.
Сонымен қатар, жауаптылар Ақтауда күннің қатты ысуы теңіз суын тұшытуға әсерін тигізіп жатқанын мәлімдеді.
Қызықты жаңалықтар мен видеоларды көру үшін TikTok арнамызға жазылыңыз!
Ж. Қадыржанова