- Негізгі бет
- Басты жаңалықтар
- Ақтау туралы
Ақтау әкімінің орынбасары тағайындалғаннан кейін бір күн өткен соң қызметінен кетті

Әсет Шопанов тағайындалғаннан кейін келесі күні Ақтау әкімінің орынбасары қызметінен кетті, - деп хабарлайды Massaget.kz тілшісі.
Әкімдіктің баспасөз қызметі өкілі 3 наурызда тағайындалған Әсет Шопанов 4 наурызда өз еркімен қызметтен кеткенін растады.
Әсет Шопанов туралы не белгілі?
Әсет Шопанов Ш.Есенов атындағы Ақтау мемлекеттік университетін тәмамдаған. Ол еңбек жолын 2002 жылы Бейнеу ауданы әкімі аппаратының бас маманы ретінде бастаған. 2003-2018 жылдар аралығында Бейнеу ауданы әкімдігінде түрлі қызмет атқарған.
2018-2020 жылдары Маңғыстау облысының жұмыспен қамтуды үйлестіру және әлеуметтік бағдарламалар басқармасында әртүрлі лауазымда жұмыс істеген. 2020-2022 жылдары осы басқарма басшысының орынбасары қызметін атқарса, 2022-2024 жылдары басқарма басшысы болған.
Бұған дейінгі дау
Жергілікті БАҚ мәліметінше, 2024 жылғы мамырдың аяғында Әсет Шопанов мас күйде көлік жүргізгені үшін ұсталған. Ол кезде Маңғыстау облысының жұмыспен қамтуды үйлестіру және әлеуметтік бағдарламалар басқармасының басшысы қызметін атқарған.
Сот оны ҚР ӘҚБтК-нің 608-бабы 1-бөлігі бойынша кінәлі деп танып, 15 тәулікке қамау және 7 жылға жүргізуші куәлігінен айыру туралы шешім шығарған.
Кейін Маңғыстау облысы әкімдігі Әсет Шопановқа қатаң сөгіс түріндегі тәртіптік жаза қолданылғанын хабарлады.
Аптаның басты оқиғалары мен пайдалы видеоларды көру үшін YouTube арнамызға жазылыңыз
Ж. Қадыржанова