• 500.67
  • 490.7
  • 6.04

Ақтау әкімінің бұрынғы орынбасары Өзбекстаннан ұсталды

Ақтау әкімінің бұрынғы орынбасары Өзбекстаннан ұсталды
Фото: ҚМА баспасөз қызметі

Ақтау әкімінің бұрынғы орынбасары Тимур Сәдуақасов ұсталды. Оған мемлекетаралық іздеу жарияланған,  - деп хабарлайды Massaget.kz тілшісі.

Қаржылық мониторинг агенттігі мәліметінше, Тимур Сәдуақасов мемлекеттік шекараны заңсыз кесіп өту кезінде Өзбекстан Республикасының шекара қызметі тарапынан ұсталған. Оған Өзбекстан Республикасына заңсыз кіру дерегі бойынша қылмыстық іс қозғалған.

"Сәдуақасов тергеу изоляторына қамалған. Қазір оны Өзбекстан Республикасынан экстрадициялау мәселесі бойынша Бас прокуратурамен бірлесіп тиісті материалдар дайындалып жатыр", - деп жазылған хабарламада.

Айта кетейік, Сәдуақасовқа алаяқтық және аса ірі көлемде пара беруге итермелеу бойынша айып тағылған болатын.

2023 жылы шілдеде Сәдуақасов және "Обуховское" кен орнында заңсыз пайдалы қазбалар өндіру ісіне қатысты адвокат Құрманбаев лауазымды тұлғалар арасындағы байланыстарын пайдалана отырып, В.И. Долгалевке кәсіптегі серіктестеріне қарсы қылмыстық іс қозғауды ұсынған.

Алдын ала келісім бойынша параның бірінші бөлігі ретінде 90 млн теңге алған Сәдуақасов пен Құрманбаев бұл қаражатты өздері иемденіп, уәде етілген міндеттемелерін орындамаған.

Қылмыстық іс Павлодар облысының мамандандырылған ауданаралық қылмыстық істер жөніндегі сотына қайта қарауға жолданды.

Еске салайық, бұған дейін Ақтау әкімінің бұрынғы орынбасарына іздеу жарияланғаны хабарланды.

Тимур Сәдуақасов 2019 жылы 18 ақпанда Ақтау әкімінің орынбасары болып тағайындалған. Бұған дейін ол Маңғыстау облысының кәсіпкерлік және сауда басқармасы басшысының орынбасары қызметін де атқарған.

Сәдуақасов "Әділет" Жоғары құқық мектебінде заңгерлік білім алған, сондай-ақ, Көкшетау экономика және менеджмент институтында оқыған.

Instagram парақшамызға жазылып, ең қызықты ақпараттарды бірінші болып оқыңыз!

Ж. Қадыржанова
Logotype Massaget