- Негізгі бет
- Басты жаңалықтар
- "Ақталмаймын". Ринат Зайытов...
"Ақталмаймын". Ринат Зайытов даулы мәлімдемесін түсіндірді
Айтыскер ақын, Мәжіліс депутаты Ринат Зайытов сұхбаттарының бірінде "Қазақстанда алаяқтықтың 80 пайызын жасап отырған қауым - намаз оқитындар" деген болатын. Айтыскер, депутат Abay Live YouTube-арнасына берген сұхбатында осы мәселеге қатысты пікір білдірді, - деп хабарлайды Massaget.kz тілшісі.
Оның сөзінше, ресми статистика сұрайтындар көп, керек дегендерге мұны да ұсынуға болады.
"Жұртқа түсіндіріп өтетін несі бар? Көзбен көргенім. Иә, "ресми статистикасы керек, анау-мынау" дейді. Ресми статистиканы да сұратуға болады. Қиын емес, тергеу жүргізген органдарда, бәрінде әрбір адамның мінездемесі болады. Менің айтып отырғаным - бар факт. Қаржылық пирамидалар, қажылыққа апарамын деп лақтырғандар, табысыңды көбейтемін деп айтатын адамдар, түрлі эфирлер жүргізіп, бұл алаяқтық қой. Ондай адамдар бар, жоқ емес. Бірақ ең үлкен мәселе менің айтқан әңгімемде емес, мәселе - бұл тақырып неге бұлай тарады деген әңгіме. Пост жазғанда айттым, мойындаймын, ақылды жүріс істедім. Бізде, мемлекетте дін тақырыбын, басқасын пайдаланып, бүлік жасағысы келіп отырған топтар бар. Өйткені оларға неғұрлым осы шу керек. Осы уақытқа дейін түрлі-түрлі діни ағымдарды кіргізіп, дайындады. Дінді қырыққа бөліп, сан саққа тартып, барлық назар діннің айналасына ауатындай жағдай жасады да бірінші хиджаб мәселесінен бастады. Жылда бір рет көтеріліп басылатын еді. Биыл неге басылмай жатыр? Неге бұл Үкіметтен шешімін таппай жатыр? Өйткені бұл әңгіме қазір керек болып тұр. Сосын баяғы мен, жаңағы әңгімені алды да, әдейі анализ жасады, "оо, Ринаттың айналасында, 85 мыңның айналасында аудитория көп, бәленбай миллион қаралымы бар, демек қазір Ринат аузын ашса, бүкіл адам соған назар аударады" деді. Олар оны зерттеді, есептеді. Сосын бір-ақ конвертпен намазхандардың 80 пайызы алаяқ деп ана сөзді өзгертті де ортаға тастай салды", - дейді Ринат Зайытов.
Айтыскер бұл сөзіне ақталмайтынын жеткізді.
"Шын мәнінде бұл - бар факт. Менің меңзеп отырғаным - сол. Олар "домбыра харам, басқа харам" дегенше шама келсе, дінге жаны ашитын адамдар осы діннің атын жамылып, Исламның атына кір келтіріп жүрген топтарды түзеп алу керек. Меңзедім, меңземедім, ақталғандай боламын. Сондықтан ақталмайын. Кім қалай түсінді, солай. Айтылған сөз менің аузымнан айтылды. Мен одан бір елі кетемін, қашамын деп отырған жоқпын. 80 пайыз деген - менің айтқаным. Мен көрген 10 оқиғаның 8-і деген сөз. Демек, ол онның сегізі - 80 пайыз", - дейді ол.
Журналист "сіз көрген 10 алаяқтықтың 8-і намаз оқиды" дегенді меңзедіңіз бе деп қайта сұраған. Ринат Зайытов солай екенін айтқан.
Еске салайық, бұған дейін Ринат Зайытов өзін қорқытқандарға жауап бергені хабарланған еді. Сонымен қатар, Балғынбек Имаш Ринат Зайытовқа ренішін өлеңмен жеткізді.
Тағы да оқи отырыңыздар: Блогерлер қанша ақша табады?
Жаңалықтарды бәрінен бұрын біліп отырғыңыз келсе, Telegram-арнамызға жазылыңыз!
Ж. Қадыржанова