Павлодар облысында саунада шомылу кезінде төрт ересек адам мен бес бала уланып қалды. Зардап шеккендердің барлығы ауруханаға жеткізілді. Улану дерегін полицейлер тексеріп жатыр, - деп хабарлайды Massaget.kz тілшісі.
"Сауна бассейнінде шомылу кезінде құрамында хлоры бар заттардан уланған 9 адам, оның ішінде 5 бала ауруханаға түсті. Ақсу қаласының балалар бөліміне 10 және 8 жастағы ұлдар, сондай-ақ 14 жастағы Германия азаматы жатқызылды. Үшеуі де жеңіл уланған. Қазіргі уақытта балалардың жағдайы бірқалыпты, олар ауруханадан шығарылды", - деді министрлік.
Облыстық денсаулық сақтау басқармасы уланғандардың барлығы ауруханаға 24 тамызда түскенін айтты.
"Павлодар қаласының облыстық балалар ауруханасына 2013 жылы туылған қыз көздің қабығын күйік шалды деген диагнозбен жөнелтілді. Тексеруден және медициналық көмектен кейін ол амбулаторлық емдеуге және бақылауға жіберілді", - деп хабарлады облыстық денсаулық сақтау басқармасынан.
Құрбандар арасында 5 жасар қыз, 34 және 37 жастағы екі ер адам, 34 жастағы әйел және 19 жастағы бойжеткен бар. Олардың барлығы амбулаторлық емдеуге жіберілді.
Төтенше жағдайлар қызметінің мәліметінше, саунада оқиға болған күні балалары бар үш отбасы туған күнін тойлап жатқан. Бассейнде жүзгеннен кейін балалар бас ауруына, тамақ ауруы мен көздің ауырсынуына шағымданды.
"Улану дерегі бойынша Қылмыстық кодекстің 306-бабы "Қауіпсіздік талаптарына сәйкес келмейтін тауарларды өндіру немесе өткізу, жұмыстарды орындау немесе қызметтерді көрсету" бойынша сотқа дейінгі тергеу амалдары жүргізілуде. Қылмыстық-процессуалдық кодекс, басқа мәліметтер жария етуге жатпайды", - деп түсіндірді Павлодар облысы бойынша полиция департаментінің баспасөз қызметі.
Осы баптың санкциясы бес мың айлық есептiк көрсеткiшке дейiнгi мөлшерде айыппұл салуды не 1200 сағатқа дейiнгi мерзiмге қоғамдық жұмыстарға тартуды не белгiлi бiр лауазымдарды атқару немесе белгiлi бiр лауазымдармен айналысу құқығынан айыра отырып, бес жылға дейiнгi мерзiмге бас бостандығынан айыруды көздейді.
Жаңалықтарды бәрінен бұрын біліп отырғыңыз келсе, Telegram-арнамызға жазылыңыз!