Ақсуда бес жасар қыз қайнаған суға толы шұңқырға құлап кетті

Ақсуда бес жасар қыз қайнаған суға толы шұңқырға құлап кетті
Фото: depositphotos.com

Ақсу қаласында 5 жастағы қыз бала ыстық суға толы шұңқырға түсіп кетіп, күйік жарақатымен ауруханаға жеткізілді, - деп хабарлайды Massaget.kz тілшісі.

Куәгерлердің айтуынша, шұңқыр балалар ойнап жүрген алаңның маңында құбыр жарылғаннан кейін пайда болған.

Ақсу әкімдігі баланың жарақат алғанын растады. Олардың мәліметінше, оқиға 6 қыркүйекте сағат 17:30 шамасында дүкендердің бірінің қарсы бетінде болған.

"Бала Ауэзов көшесіндегі ыстық су құбыры тесілген жерден пайда болған шұңқырға түсіп кеткен. Дене және аяқ күйіктерімен (I-III дәрежелі) Павлодар облыстық балалар ауруханасына жеткізілді. Күйік көлемі – 17 пайыз", – деп мәлімдеді әкімдіктен.

Қазір зардап шеккен қыздың жағдайы орташа ауыр, ол травматология бөлімшесінде жатыр.

Қаланың коммуналдық қызметтері оқиғаға қатысты әзірге пікір білдірген жоқ.

Қызықты жаңалықтар мен видеоларды көру үшін TikTok арнамызға жазылыңыз!

С. Бөлек
Logotype Massaget