- Негізгі бет
- Басты жаңалықтар
- Ақсу тұрғыны бопсалаушыларға...
Ақсу тұрғыны бопсалаушыларға 22 миллион теңгеден аса ақша берген
Ақсу тұрғыны бопсалаушыларға 22 миллион теңгеден аса ақша берген, - деп хабарлайды Massaget.kz тілшісі Polisia.kz-ке сілтеме жасап.
Павлодар облысы ПД ұйымдасқан қылмысқа қарсы күрес басқармасының қызметкерлері мәліметінше, кейінгі екі жыл ішінде белгісіз адамдар жәбірленушіден ар-намысы мен қадір-қасиетіне нұқсан келтіретін бейнежазбаларды тарататынын айтып, ірі мөлшерде ақша бопсалған. Жалпы, күдіктілер 22 миллион теңгеден аса қаражат алған.
"Арнайы іс-шараларды өткізу барысында Павлодар полицейлері, "Арлан" арнайы бөлімшесінің қатысуымен кезекті ақшалай қаражатты беру кезінде Павлодар қаласының үш тұрғыны қорқыту арқылы ақша бопсалады деген күдікпен ұсталды. Ұсталған кезде облыс орталығының тұрғындары белсенді қарсылық көрсеткенін атап өткен жөн. Жасырынуға тырысып, полиция қызметкерін көлікпен қағып кетті.
Ұсталғандарға қатысты бұлтартпау шарасы – қамауға алу таңдалды. Ұсталғандардың бірі бұрын қылмыстық жауапкершілікке тартылған. Осы факт бойынша қазіргі уақытта Қазақстан Республикасы ҚК-нің 194-бабы бойынша соталды тергеу жүргізіліп жатыр", – деді Павлодар облысы ПД ұйымдасқан қылмысқа қарсы күрес басқармасының бастығы Ғабит Қабдрахманов.
Сондай-ақ, Қазақстан Республикасы Конституциясының 77-бабы 3-тармағының 1-тармақшасына, Қазақстан Республикасы Қылмыстық іс жүргізу кодексінің 19-бабы 1-бөлігіне сәйкес кінәсі соттың заңды күшіне енген үкімімен танылғанға дейін адам қылмыс жасағаны үшін кінәлі емес деп есептелетіні айтылды.
Жаңалықтарды бәрінен бұрын біліп отырғыңыз келсе, Telegram-арнамызға жазылыңыз!
Д. Шәріпхан