Ақсу кентінде 72 жастағы зейнеткер жол жөндеп жүр

Ойлы-шұңқыр жолдан әбден қажыған Степногор қаласының іргесіндегі Ақсу кенті тұрғындары өз күштерімен қолдарына күрек алып құм төгіп асфальт бетін тегістеуді жылдағы әдетіне айналдырыпты, - деп хабарлайды Massaget.kz тілшісі.

"Қазақ Алтын" акционерлік қоғамы мен Ақсу кентін жалғайтын қара жол сонау тоқсаныншы жылдардан бері еш жөндеу көрмеген. Жол жүруден әбден зықысы шыққан тұрғындар жергілікті атқарушы органдардан мүлде көңілі қалған. Жыл сайын уәдені үйіп-төккенімен іске келгенде жолдың мүлде жамалмайтынына көзі жеткен соң өз қолдарымен асфальт бетіндегі терең шұңқырларды жамауға кірісіпті.

Жасы жетпіс екіге келген Владимир Скуркин жылына бірнеше мәрте немересімен бірге қаптап құм тасып, асфальт жолды тегістеп жүр. Оның айтуынша тұрғындардың басқа амалы да қалмаған.

"Ақсу кенті мен "Қазақ Алтын" өндіріс орнын жалғайтын мына тас жолдың әбден тозығы жеткен. Сонау тоқсаныншы жылдардан бері мұнда еш жөндеу жұмысы болмаған. Ақсу кентінің, Степногор қаласы әкіміне айта-айта жалықтық. Терең шұңқырлар су жиналып батпаққа айналады. Бұл жолмен мектепке жаяулап-жалпылап балалар да жүреді. Бірақ ешкім назар аударар емес. "Қазақ Алтын" компаниясы өздеріне анау қатар өтетін жерден жол салып алған. Жолдары жақсы, айнадай теп-тегіс. Бірақ жеке көліктерді мүлдем жүргізбейді. Жүрсе болды полиция қызметкерлері айыппұл салып тастайды. Ал біз мына ойлы-шұңқырларда жүруге мәжбүрміз. Ешкімге ештеңе керегі жоқ. 68 жылдан бері осында тұрып келемін. Ес білгелі осы жолды өз қолымызбен шұңқыр-шұңқырын тегістеумен келеміз. Бұрын ауылдағы тұрғындар бірлесіп жөндеуге шығатынбыз. Қазір міне өзім жалғыз құм тасып жөндеп жүрмін. Бұл жолмен "Қазақ Алтын" компаниясының 5 тонналық ауыр көліктері де жүреді. Бірақ тым құрығанда қиыршық тас төгіп кетпейді", - дейді Владимир Иванович.

Владимир Скуркинның айтуынша, кент тұрғындары аталған мәселе жөнінде Ақсу кентінің әкімі Марат Смағұловқа да, тіпті Степногор қаласы әкімімен 20 қыркүйекте өткен кездесу барысында да айтқан. Бірақ күні бүгінге дейін жолды жөндеуде шыбық басы сынбапты.

"Жиын кезінде тұрып, осы жолды жөндеуін өтініп сұрадым. Жиында Степногор қаласының әкімі де болды. Маған осы айдың, яғни қазанның соңына дейін жөндеуге уәде берді. Бірақ әлі күнге ешкім жөндеу жұмыстарын бастаған жоқ", - дейді Владимир Скуркин.

Жергілікті әкімдік "Қазақ Алтын" компаниясымен бірге айдың соңына дейін жөндейтінін айтып уәде берген. Бірақ жылдар бойы көңілі қалған халық биліктің уәдесіне еш сенбейді.

"Аталған мәселе Ақсу кентінің азаматтарымен өткен жиында көтерілді. Қазанның соңына дейін аталған орындалады. Жұмыстар "Алтын Алмас" АҚ-мен бірге жүргізілетін болады", - дейді Ақсу кенті әкімдігінен.

Абзал АЛПЫСБАЙҰЛЫ

Қызықты жаңалықтар мен видеоларды көру үшін TikTok арнамызға жазылыңыз!