Павлодар облысының әкімі Асайын Байханов актив жиынында Ақсу қаласының жаңа әкімін таныстырды, - деп хабарлайды Massaget.kz тілшісі.
Асайын Байханов денсаулық жағдайына байланысты Ақсу қаласының әкімі қызметінен кеткен Болатбек Шәріповке көп жылдық еңбегі мен қаланың дамуына қосқан үлесі үшін алғыс білдірді.
Оның орнына Ақсу қаласының әкімі болып Президент әкімшілігінің, қалалық мәслихат депутаттарының келісімімен және өңір басшысының өкімімен Әнуарбек Аманов тағайындалды.
Әнуарбек Дүйсембайұлы 1986 жылы дүниеге келген. Екі жоғары білімі бар. 2008 жылы С.Торайғыров атындағы Павлодар мемлекеттік университетін "Автомобиль және трактор жасау" мамандығы бойынша, ал 2020 жылы Қазтұтынуодағы Қарағанды экономикалық университетін "Құқықтану" мамандығы бойынша тәмамдаған.
Еңбек жолын 2009 жылы Павлодар қаласының тұрғын үй-коммуналдық шаруашылығы, жолаушылар көлігі және автомобиль жолдары бөлімінің бас маманы болып бастаған. 2009-2023 жылдары тұрғын үй инспекциясы бөлімінде қызмет атқарып, бас маманнан бөлім басшысына дейінгі еңбек жолынан өтті.
2023-2024 жылдары Екібастұз қаласы әкімінің орынбасары болды. Осы лауазымға тағайындалғанға дейін Павлодар қаласы әкімінің орынбасары қызметін атқарды.
Аптаның басты оқиғалары мен пайдалы видеоларды көру үшін YouTube арнамызға жазылыңыз