Еңбекшіқазақ ауданының орталығы Есік қаласында 60 пәтерлі екі үй салынған. Мемлекеттік бағдарламамен бой көтерген үйдің құрлысына 240 млн.теңгеге жуық бюджеттік қаражат бөлінген. Екі және үш бөлмелі пәтердің іші толық аяқталып, әрленіп сырланған. Алайда, үйдің ауласы мен айналасы абаттандырылмағандықтан иелері үйлеріне әлі кіре алмай жатыр, - деп хабарлайды Massaget.kz тілшісі.
"Бұл үй нағыз жыр болды. Құрылысының өзі жарты жылға кешіктіріп жасалды. Жауапты мекеме де, құрылыс компаниясы да түрлі сылтаулар айтып созбалақтатып жүріп алды. Ал, тәртіп пен қадағалау болмаған жерде іс өне ме? Осы үйге кіреміз, қоныс тойын тойлаймыз деген алпыс отбасын зарықтырып қойды ғой бұлар. Қыруар ақша бөлінді. Әрине, үйді соғып бітті. Бірақ, жан-жағы күл топырақ, ауласы батпақ болып жатыр. Сонда ақшасы қайда кетті? Әлде, жеп қойған ба белгісіз" - дейді ауыл тұрғыны Икрам Маметов.
Бұл үйге көпбалалы аналар, әлеуметтік жағдайы төмен отбасылар, мүгедектер мен бюджеттік сала қызметкерлері қоныстануы керек еді. Ал, құрылысты "Монолит" компаниясы жүргізген. Жоспарға сәйкес мердігер барлық жұмысты 2022 жылдың жазында аяқтап, нысанды тапсыру керек еді. Бірақ, бір жетіде аяқтап тастайтын аббаттандыру бір жылға созылды.
"Қазір екі үйдің құрылысы аяқталды. Қыста жұмыс жүрмеді. Ауа-райының қолайсыздығына байланысты аббаттандыру ғана қалды. Оны жауапты мердігер мекеме жасайды. Үйлер маусым айында пайдалануға беріледі" деп жауап берді Еңбекшіқазақ аудандық құрылыс бөлімінің мамандары.
Жалпы аудан бойынша баспана кезегінвде 5 мыңға жуық адам тұр.
Саламат Сабыр
Жаңалықтарды бәрінен бұрын біліп отырғыңыз келсе, Telegram-арнамызға жазылыңыз!