Оралдағы қанды қылмыс болған "Рахат Лукум" кафесінің қызметкерлері кәсіпкер Еркін Мұханғалиев және екі күдікті туралы айтып берді, - деп хабарлайды "Жайық Пресс".
Кафе қызметкері атын атамауды сұраған. Ол бірнеше жылдан бері Еркін Мұханғалиевтің қоластында жұмыс істеген.
Басылымға сұхбат берген қызметкердің сөзінше, Еркін Мұханғалиев жалақыны кешіктірген кезі болмаған.
"Біздің шеф ешкімге қарыз емес, ақшаны уақытында беретін. Екі күдікті бізде жұмыс істемейді. Олар бес жыл бұрын жұмыс істеген. Оларға ешқандай қарызы жоқ еді. Олар шефпен не үшін кездескенін, не туралы сөйлескенін білмеймін. Екеуі дінді жамылып жүргендерін ғана білемін", - дейді қызметкер.
Сонымен қатар, кафе қызметкері желідегі ақпараттарға қатысты пікір білдірді.
"Көбі екі күдіктіге жалақысы берілмегенін, сондықтан олар қылмыс жасағанын жазып жатыр. Өте өкінішті. Біздің бастық ондай адам емес. Екеуі қасақана өлтіргені түсінікті. Жанжал басталып кеткенде араласпақ болғанмын. Мені итеріп жіберді. Ал қолыма еден жуғышты алып шыққанда олар сыртқа шығып кеткен. Бірнеше жерінен пышақтаған", - дейді қызметкер.
Оралда Еркін Мұханғалиев басшылық еткен "Гюльчетай" және "Рахат Лукум" кафелері әзірге жабық. Басылым мәліметінше, қайғылы оқиға болған кафеде қан іздері әлі де тұр екен.