- Негізгі бет
- Басты жаңалықтар
- "Ақшаны тойға, қыдыруға...
"Ақшаны тойға, қыдыруға құртып жүрдім". Қаржы жинап, арманына жеткендердің хикаясы
Көп қазақтың бас қайғысы - баспана. Бұл мәселе қалаға келген көпшіліктің жанын қинап жібереді. Өйткені пәтер жағалаған жұрт өзге біреуге ай сайын қыруар қаржы беруге мәжбүр. Бұған коммуналды төлем қосылады. Сондықтан баспана қазіргінің өзекті де өткір жыры болып тұр. Алайда қазір үй аламын, баспаналы боламын дегендерге арналған мүмкіндік көп-ақ. "Қалауын тапсаң, қар да жауады". Сондықтан қазір жастардың көпшілігі түрлі бағдарламамен үйлі болып жатқанын байқап жүрміз. Ең бастысы ниет, әрекет, қаржылық жағынан сауат жетсе, түптің түбінде нәтиже, берекет болады.
Әртүрлі бағдарлама арқылы үй алып, ақша жинағандармен Massaget.kz тілшісі сұхбаттасып, қызық оқиғаларына қанық болды.
"7 жыл армандадым". "Алматы жастары" бағдарламасымен үй алған адамның хикаясы
Алматы тұрғыны Гүлнұр Айбекова 7 жылдан бері үй алуды армандаған. Оның мамандығы - журналист. Гүлнұрдың үй алу арманы биыл "Алматы жастары" бағдарламасы арқылы орындалды. Бұл бағдарламаға мұғалімдер, ғылыми қызметкерлер, журналистер секілді мамандық иелері қатыса алады. Биыл қазанда "Алматы жастары" бағдарламасына қосымша іріктеу басталды. Алғашында Гүлнұрдың құжаттары дұрыс болмағанымен, қазанда тапсырған кезде бәрі сәтті болған. Осылайша, ол қарашада арманын жүзеге асырған. Бұл арманға жетуде оған дер кезінде қаржы жинағаны да көмек болыпты.
"Алматы қаласы Шаляпин Саин көшелері қиылысынан екінші нарықтағы бір бөлмелі үй алдық. Бағасы 19 миллион 500 мың теңге болды. Банк 18 миллион теңге береді. Одан артық берілмейді. Қалғанын өзіміз қостық. Жылдық мөлшері 5 пайызбен алдық. Алғашқы салым - 10 пайыз. Яғни 1 миллион 800 мың теңге төледік", - дейді ол.
Көрнекі сурет. Алматы әкімдігінің баспасөз қызметі
"Алматы жастары" бағдарламасымен үй алар кезде ескерілетін тағы бір жайт - ай сайын төлеп тұруға қабілеті болуы. Ал ай сайын қажет соманы төлей алмаса, тең қарыз алушыға жүгіне алады.
Тең қарыз алушы - қарыз алушымен (немесе дебитормен) келісімшарт бойынша бірлесіп, жауапкершілік алатын адам.
"Басқа қаладан да тең қарыз алушыға жүгінуге болады. Бізге Ақтөбеден танысымыз тең қарыз алушы ретінде көмектесті. Банкте төлем қабілеті жетпегендіктен, екі тең қарыз алушыға дейін жүгінуге болатыны айтылды. Бізде біреу болды. Ол адам басқа қаладан болса да, сол жақта отырып қол қоюдың амалдары бар екен", - дейді Гүлнұр.
Гүлнұр желтоқсанда үй алған. Бағдарламаның тағы бір тиімді тұсы - ай сайынғы төлем уақытын өзің таңдай алуың. Ол үйге қандай шарт қойылатынын және айына қанша төлейтінін айтты.
"Бағдарламадан өткен соң үй табуға 45 күн уақыт беріледі. Ақшасы асып кетсе, өзі қосады. Үйдің жылы маңызды рөл атқарады. Өйткені ипотекаға өтетін жылы сай келуі керек. Бізде 1972 жылдан бастап есептеледі. Жалпы үй салынғанына 50 жылдан аспауы керек. Қазір айына 140 мың теңгеден төлеймін. Бұл соманы 13 жыл бойы төлеймін. Бұрын қаладан пәтерді 250 мың теңгеге жалдап жүрдім. Енді ол ақшаны өз үйіме саламын", - дейді ол.
Айта кетейік, "Алматы жастары" - жылына бір рет болатын ипотекалық бағдарлама. Ол арқылы 35 жасқа дейінгі жастарға баспана алуға мүмкіндік беріледі.
"Ақшаны тойға, қыдыруға құртып жүрдім". "7-20-25" бағдарламасымен үй алған адамның хикаясы
Биыл Президент тапсырмасымен "7-20-25" ипотекалық тұрғын үй бағдарламасы жалғасады. Бағдарлама бойынша 100 миллиард теңгеге дейін қаражат бөлу жоспарланған. Бұл бағдарлама бойынша "алғашқы" баспананы, яғни тек жаңа баспананы сатып алуға болады. Бастапқы жарна - баспана құнының 20 пайызы, ал шекті мерзім - 20 жыл.
elements.envato.com
Осы бағдарламамен Алматы тұрғыны да (аты-жөнін атамауды өтінді - еск.) Қайрат шағынауданынан пәтер алған. Оның сөзінше, қаржы жинауына пандемия кезі себеп болған.
"2020 жылы пандемия кезінде пәтер жалдап тұрып жүрдім. Ұзақ уақыт пәтерде жағаладым. Оған дейін де банкте шотым болды. Арасында ақша салып жүрдім. Бірақ жинамаған кездерім де болды. Онда жылына сыйақы түседі. Алайда оған талпынып, әдейліп жинап, ақшаны көбейткен жоқпын. Тек ара-арасында салып жүрдім. Шынын айтқанда, ақшаны саяхатқа, қыдырысқа, қазақпыз ғой, тойға, қуаныштарға жұмсап жүрдім. Ақша жинамадым. 2020 жылы жаңа жылдан кейін банктен сыйақы түсті. Кейін пандемия кезінде үйде отырып қалғанымыз бар, біраз ақша жинап алдым. Сол кезде пәтер иесі де хабарласып, пәтерін жөндейтінін, енді ұлы тұратынын айтты. Сол да түрткі болды. Осылайша, шоттағы ақшаны көбейтіп, 2022 жылы 7-20-25 бағдарламасымен үйді рәсімдедім", - дейді ол.
Қала тұрғыны пәтерін қаншаға алғанын және қандай қиындықтар кездескенін айтып берді.
"Үйдің бағасы 25 миллион болды. 2 бөлмелі пәтер. Алғашқы салымға ақшам жетті. 5 миллион теңге салдым. Бұл бағдарлама бойынша салынып біткен үйді таңдау керек. Көп жағдайда салынып тұрған үйлер сатылып кеткен болды, барлары ұнамады. Кейін ұнаған үйді таптым. 2021 жылғы күзде 20 пайызын салып қойғанмын. Бірақ үй әлі бітпегендіктен, алдын-ала келісімшартқа отырдық. Алғашында желтоқсанда берілетінін айтты. Алайда салынып бітпеуіне байланысты 2022 жылы ақпанда ғана рәсімдедім. Бұл бағдарлама маған тиімді болды. Бұрын Абай-Байтұрсынов қиылысынан 150 мыңға пәтер жалдап тұрдық. Бұл баға былтыр қатты көтеріліп, 450 мыңға дейін жетіпті. Сонда қаншама ақша біреудің қалтасына кетер еді? Сондықтан тиімді болды", - дейді ол.
"Басқа біреудің қалтасына құймаймын". 50/50 бағдарламасымен үй алғандардың хикаясы
Тұрғын үй алуға арналған бағдарламаның бірі - 50/50. Бұл бағдарлама көп банкте бар. Ақтөбе тұрғыны Әсел Балағаз да осы бағдарлама арқылы баспаналы болған. Небәрі 23 жастағы қыздың осылайша енді өз үйі бар.
"7/5 мөлшермен алдым. Айына 90 мыңнан төлеймін. Бағасы негізі 13 миллион теңге болды. Өз пәтеріме бар болғаны 90 мың теңге төлеу керемет деп ойлаймын. Артық ақшам өзімде қалады, басқа біреудің қалтасына құймаймын, босқа шығынданбаймын", - деді ол.
elements.envato.com
Өскемен тұрғыны Диана Жүнісова да осы бағдарламамен үй алған.
"50 пайыз бастапқы жарнамен алдым. 50 пайыз банктен берілді. 2 бөлмелі пәтер алдым. Айына 110 мың теңгеден төлеймін. Негізі пәтер құны 20 миллион болды. Жас болсам да өз баспанам барына қуанамын. Бұл - үлкен мүмкіндік", - деді ол.
Демек, ебін тауып, ақша жинағанның есесі түгел, басында баспанасы бар. Оған дәлел - еліміздің түкпір-түкпірінде түрлі бағдарламамен пәтер алған жастардың оқиғасы. Сондықтан сәті түссе, мүмкіндікті жібермеу керек.
Жаңалықтарды бәрінен бұрын біліп отырғыңыз келсе, Telegram-арнамызға жазылыңыз!
Ж. Қадыржанова