Ақшаны құмар ойынға салып жіберген: Астана тұрғыны өз жұмыс орнын тонап кеткен

Ақшаны құмар ойынға салып жіберген: Астана тұрғыны өз жұмыс орнын тонап кеткен
Фото: depositphotos.com

Астана қаласында бөтеннің мүлкін жымқырған 27 жастағы күдікті ұсталды, - деп хабарлайды Massaget.kz тілшісі.

ІІМ мәліметінше, күдікті автомектепке жарнама жасап, клиент тартумен айналысатын мекемеге менеджер болып жұмысқа орналасқан. Алайда бір апта ішінде сенімге кіріп, жұмыс орнынан 6 ноутбук ұрлап кеткен.

Бір ноутбуктың құны шамамен 250 мың теңгеден асады. Кейін ол ұрланған техникаларды ломбардқа өткізіп, түскен қаражатты жеке қажетіне жұмсаған.

"Алдын ала мәліметке сәйкес күдікті құмар ойындарға тәуелді болған. Жедел шаралар нәтижесінде күдікті қаладағы қонақүйлердің бірінде ұсталды. Ол өз кінәсін толық мойындады", - деді полиция.

Ұрланған ноутбуктар тәркіленіп, заңды иелеріне қайтарылады. Бұл дерек бойынша соталды тергеу жүргізіліп жатыр.

Қызықты жаңалықтар мен видеоларды көру үшін TikTok арнамызға жазылыңыз!

Ж. Қадыржанова
Logotype Massaget