Ұлттық банк қате аударылған ақшаға қатысты алаяқтық жиілеп кеткенін ескертті, - деп хабарлайды Massaget.kz тілшісі.
Көп тараған схемалардың бірі - ақша түскені жайлы жалған хабарлама жіберу. Ондай кезде азаматтар банк шотына түскен ақша туралы SMS хабарлама алады.
Кейін оларға қаскөйлер қоңырау шалып, өзін ақша аударған адам ретінде таныстырады да, "қателесіп аударыппын" деген сылтаумен түскен ақшаны қайтаруды сұрайды. Ұлттық банк мәліметінше, көбіне мұндай хабарламалар жалған болып шығады.
"Осындай хабарлама немесе қоңырау алған кезде ақша қайдан келгенін тек банктің ресми мобильді қосымшасынан немесе интернет банкинг арқылы тексеріп алған абзал. Белгісіз нөмірден келген SMS хабарламаға сенбеу қажет, күдікті сілтемеге өтпеу керек", - деп ескертті Ұлттық банк өкілдері.
Алаяқтық схеманың тағы бір түрі бар. Ол кезде қаскөйлер азаматтың шотына шынымен де ақша аударады. Кейін олар ақша аударған адам болып қоңырау шалып, "қателесіп аударғанын" айтады да, түскен ақшаны қайтаруға басқа бір шот ұсынады.
Әңгіме кезінде психологиялық қысым (мысалы ақша баланың еміне керек екенін айтады) көрсетуі немесе құқық қорғау органдарына, сотқа шағымданатынын айтып, қорқытуы мүмкін. Көбіне алаяқтар өзін күш құрылымдарының немесе Ұлттық банк қызметкері ретінде таныстырып, жеке және банк дерегін сұрайды.
"Ұлттық банк қызметкерлері аудио және видеоқоңырау шалмайды, жеке тұлғалардың шотына қызмет көрсетпейді, халықпен ақшалай есеп айырыспайды", - деп жазылған хабарламада.
Instagram парақшамызға жазылып, ең қызықты ақпараттарды бірінші болып оқыңыз!