Ақшаны алып, ізін суытқан: Тараздықтар баспана кезегін тездетемін деген алаяққа алданып қалған

Ақшаны алып, ізін суытқан: Тараздықтар баспана кезегін тездетемін деген алаяққа алданып қалған
Фото: pixabay.com/көрнекі сурет

Тараздықтарды баспана кезегін тездетемін деген алаяқ миллиондаған ақшаға алдап кеткен. Ер адам нақты схема бойынша әрекет еткені айтылды. Ол өзін мемлекеттік қызметкермін деп таныстырып, төлемді алып, кейін ізін суытады. Бірнеше адам полицияға арызданған, - деп хабарлайды Massaget.kz тілшісі Almaty.tv мәліметіне сілтеме жасап.

Әкімдіктің жалған қызметкері жалған құжаттар мен пәтер кілттерін беру арқылы жәбірленушілерді алдап, өтірігіне сендірген. Ол жалға берілген пәтерлерді таратқан. Алданған жұрт мұны кейін білген.

"Мен 800 мың теңге бердім. Маған күту керек екенін айтты. Тіркеу туралы хабарлама келуі керек деді. Кезек жылжитынын айтты. Бірнеше күннен кейін хабарлама келді. Бізге тіркелу 1 маусымда болатыны айтылды. Келісімшарт аламыз. Осыдан кейін ол соза бастады. Бізді 15-шағынауданға шақырды, үйді көрсетті. Келісімшартқа қол қойылғанын күтіп жүргенін айтты", – дейді жәбірленуші.

"Бізге құжаттар, пәтер кілттері берілді. Жылытуға, газға қосу туралы актілер. Бұл азамат өзін тұрғын үй-коммуналдық шаруашылық бөлімінің қызметкерімін деп таныстырды. Қала әкімдігіне емін-еркін кіріп жүрді. Ол бізді сонда шақырды, уақыт белгіледі", - деп тағы бір жәбірленуші өз оқиғасын бөлісті.

Алаяқтыққа қатысы бар деген күдікті адамдардың шағымынан кейін ұсталған. Ол Тараз қаласының тұрғыны болып шықты.

"Жедел-іздестіру іс-шаралары барысында полиция қызметкерлері 32 жастағы Тараз тұрғынын ұстады. Аталған факт бойынша ҚР Қылмыстық кодексінің 190-бабы 3-бөлігі "Алаяқтық" бойынша сотқа дейінгі тергеу басталды. Күдікті өз кінәсін толық мойындады. Қазіргі уақытта ол уақытша ұстау изоляторына тоғытылды", - деді қалалық ПБ ресми өкілі Жанерке Әзімхан.

"Мемлекеттік қордан баспана кезек бойынша тегін беріледі. Кезек сайтта жарияланған. Кез келген азамат өз кезегіне қарай алады және үй кезегімен беріліп жатыр", – деп түсіндірді қала әкімінің орынбасары Нұрбол Қалдыбаев.

Қазірге дейін төрт жәбірленуші полицияға арыз берген. Бейресми деректерге сәйкес, мессенджерлік чатта әртүрлі уақытта 100-ден 300-ге дейін адам болған. Полиция құрбандар саны көп болуы мүмкін дейді. Жергілікті билік тұрғындарға мұндай адамдарға сенбей, барлығын заң аясында істеуді ескертеді.

Жаңалықтарды бәрінен бұрын біліп отырғыңыз келсе, Telegram-арнамызға жазылыңыз!

Д. Шәріпхан