- Негізгі бет
- Басты жаңалықтар
- "Ақшаң жоқ па,...
"Ақшаң жоқ па, кино түсірме". Қазыбек Құрайыш Дариға Бадықоваға жауап берді
Әнші Қазбек Құрайыш өзін айыптаған актриса Дариға Бадықоваға жауап берді, - деп хабарлайды Massaget.kz тілшісі.
Актриса Дариға Бадықова жаңа фильміне саундтрек бермеген әншілерге ренжігенін айтқан болатын. "Таптым-ау сені" әнінің орындаушысы Қазыбек Құрайыш өзінің instagram парақшасына жазба жариялап, жауап берді.
"Жазбай-ақ қояйын деп едім, қоймадыңыздар. Алғашында бұл кісілерге ренжігенім рас. Мен ешкімнен ешқашан әндерімді қызғанған емеспін. Оны кино саласында жүргендердің бәрі білетін шығар. Әндерім барлық фильмге тегін кетеді. Жобамен онға жуық фильмде әндерімнен үзінді бар, біреуінен де ақша сұраған емеспін - бұл бір. Екіншісі - мен бұл кісілерге продюсер-спонсор болған үлкен апайымызға: "Мейлі, әнді ала беріңіздер, қарсы емеспін. Ақшаның да керегі жоқ" деп айтқанмын негізі. Енді неге қоспағанын және бағдарламаға келіп, неге осылай айтып отырғанын түсінбедім. Ал жалпы мен әндерімді ешкімге де беруге міндетті емеспін", - дейді әнші.
Сондай-ақ, ақшасы аз бола тұра кино түсіретін режиссерлерді де сынады.
"Сосын тағы бір айтарым бар. "Мен өз ақшама кино түсіріп жатыр едім. Қаражатымыз жоқ, көмек беріңізші" дейтін болсаңыздар, кино түсірмей-ақ қойыңыздаршы. Мен музыканттарыма барып: "концерттерімді өзім жасап жатыр едім, маған тегін ойнап беріңдерші немесе жарықты тегін қойып, видеоны тегін түсіріп беріңдерші" деп айтқан емеспін. Ол дұрыс емес. Кейбір "доспыз-ау" деген кино түсіріп жүрген азаматтарға мен ұйықтамай отырып, арнайы авторлық әндер жазып беріп те жүрмін. "Рақметіміз бар" деп, жоқ болып кеткендердің атын айтпай-ақ қояйын. Не десеңдер де арым таза. Аман болыңыздар!", - деді Қазыбек Құрайыш.
Айта кетейік, бұған дейін актриса Дариға Бадықова өзінің киносы үшін әнін бермеген әншілерге шүйліккен еді.
Қызықты жаңалықтар мен видеоларды көру үшін TikTok арнамызға жазылыңыз!
Е. Ерболұлы