“Ақшаға мұқтаж, несие ала алмаған азаматтар келген“. СҚО-да заңсыз схема әшкере болды

Солтүстік Қазақстан облысында лицензиясыз заңсыз кәсіпкерлік және микроқаржы қызметімен айналысқан ер адам 2 жылға бас бостандығын шектеу жазасына кесілді, - деп хабарлайды Massaget.kz тілшісі.

78 эпизод анықталған

Тергеу барысында ҚМА СҚО бойынша департаменті заңсыз қарыз берудің 78 эпизодын анықтаған. Әдетте қарыз алушылар ақшаға мұқтаж, банктен несие ала алмаған азаматтар болған. ️

Схема қалай жүзеге асқан?

Қарыз беруде екі түрлі схема қолданылған. Бірінші жағдайда нотариус арқылы қарыз шарты рәсімделген, алайда мәміленің нақты талаптары көрсетілмеген. Құжаттағы сомаға қарыз алушыға берілген қаражат та, қарызды пайдаланған бүкіл кезеңге есептелген пайыз да енгізілген. Ақша қайтарылуы үшін мүлік кепілге қойылған.

Екінші жағдайда қарыз беру дерегі сатып алу-сату шарты ретінде бүркемеленген. Мүлік үшін ақша берілмеген, ал мүліктің өзі қарыздың кепілі ретінде пайдаланылған. Қаражат қайтарылғаннан кейін шарт бұзылып, мүлік иесіне қайтарылған.

Қымбат активтер сатып алынған

Заңсыз қызмет нәтижесінде 774 млн теңге табыс түскен. Бұл қаражатқа қымбат активтер сатып алынған.

Сот үкімімен мемлекет кірісіне 6 пәтер, Toyota RAV4 көлігі, Kawasaki KLX250 мотоциклі, сондай-ақ, құны 280 млн теңге болатын бағалы қағаздар тәркіленді.

Сот үкімі заңды күшіне енген жоқ.

Қызықты жаңалықтар мен видеоларды көру үшін TikTok арнамызға жазылыңыз!