Алматыдағы Сайран көліне балаларын батырмақ болған әйел мұндай әрекетке жоқшылықтан барған болуы мүмкін. Ол бұл туралы балаларын судан құтқарған мамандарға айтып берген, - деп хабарлайды "Астана" телеарнасы.
Оқиға Сайран көлінде болған. Құтқарушылар қайғылы оқиғаның алдын алды - олар үш баланы судан алып шықты. Балалардың ең үлкені төрт жаста, кішісі бір жастан енді асқан.
"Киіммен суға секіріп кетті. Мойнына дейін келетін жерге суға кіріп, сосын екі баласын мойнынан ұстап суға батырды. Соны көріп жүгірдім. Мен жеткенше 2 бала суға тұншығып жатты. Екеуін шығарып, әріптестерім жүгіріп келді, балаларды соларға бердім. Сосын әйел мен кішкентай 1 жарым жасар қызын шығарып алдық", - дейді Алматы қалалық құтқару қызметінің құтқарушысы Ершат Далабаев.
Келіншек мұндай әрекетке не үшін барғанын құтқарушыларға айтып берген.
"Не себеп болды деп сұрадық, "Сіздер мені түсінбейсіздер. Жағдайым жоқ. Каспийімде ақша жоқ. Телефонымдағы бірлікке де ақша жоқ, таксиге де ақша жоқ" деп шағымданды", - дейді Далабаев.
"Құтқарып алғаннан кейін 3 баласын кіргізіп, жылытқыш қосып, үстіндегі су киімдерін шешіп, барлығын жылы көрпеге орап отырғызып қойдық. Әйел адаммен сыртта сөйлестік ол кісі түсініксіз халде болды да ақшам жоқ деді”, - дейді құтқарушы Сәби Ержанов.
26 жастағы келіншек отбасымен Алатау ауданындағы 3 бөлмелі пәтерде тұрады. Жолдасы түрмеде қызмет етеді. Өзі 3 баламен үйде отыр. Төртінші баласына жүкті көрінеді.
"Бұл әйел біздің орталығымызда тіркеуде тұрған. Жалпы, келіншек туралы көршілері жақсы пікірде емес. Балаларына тамақ бермейді. Өмірі аш жүреді. Бұрын да оларды өлтірмек болған екен. Суға батырамын деп күйеуіне хабарласқан. Жолдасы көршілерге айтып, оны дер кезінде тоқтатқан", - дейді Алатау аудандық "Бақытты отбасы" орталығының басшысы Ақмарал Басирова.
Осы оқиғадан кейін балалардың анасын психоневрологиялық орталыққа жатқызыпты. Бүгін қоғамдық денсаулық басқармасы әйелді үйіне шығарғанын айтты. Енді тасбауыр әйелдің әрекетін полиция тексермек.
"Аталмыш дерек қазіргі Әуезов аудандық Полиция басқармасында тергелуде. Тиісті тергеу амалдары және процессуалдық әрекеттер жүргізілу үстінде", - дейді полиция департаментінің ресми өкілі Салтанат Әзірбек.
Ал балалар дәрігерлердің бақылауында. Қазір үшеуінің жағдайы жақсарған. Ауруханадан шығарылып, әжесінің қарауына берілген.
Жаңалықтарды бәрінен бұрын біліп отырғыңыз келсе, Telegram-арнамызға жазылыңыз!