Алматыда 100-ден аса адам жылдар бойы баспана кілтін ала алмай жүргенін айтып арызданды. Келісімшарт жасасқан құрылыс компаниясы тұрғын үй кешенін салып бітірмеген, - деп хабарлайды Massaget.kz тілшісі Almaty.tv-ға сілтеме жасап.
О баста құрылысқа рұқсат алған компания кейіннен бір себеппен қолда бар келісімнен ажырап қалған. Әкімдіктен бастаған істі жалғастыру үшін қайта рұқсат аламыз деп жүргенінде мердігерлер жұмыс істеуден бас тартқан.
"Үкіметтің қаулысы бойынша, 2010 жылы бас жоспар бекітіліп қойған. Жоспарды бұзып, сол жерге құрылыс салмақшы болған. Сонымен құрылыс тоқтағаннан кейін 9 ай уақыт өтті, бұлар біздің ақшамызды қайтармады. "Есепшотымызда ақша жоқ" дейді. Бұл жерде 3-4 пәтерден алған адамдар бар", - деді салымшы Нұрсұлу Ибраимова.
Салымшылар компанияның ақшаны қайтаруын талап етіп отыр. Мұндай талап қойған жалпы 136 адам бар. Олар үй салынып біткенше күтпейтінін айтты. Оның үстіне, әлі кірпіші қаланбаған құрылысты сатып алып жатқандар да аз емес.
"Заңсыз болғанына қарамастан, олар әлі де жарнама жасап жатыр. Мен өтінім жіберіп көрдім. Сату бөліміне хабарластым. "Тұрғын үй салынады, астында мектеп, балабақша болады" деп бізді алдап отыр", - деді салымшы Ғабит Нұрдәулетұлы.
Компания өкілі құрылыстың өз уақытынан 6-7 айға кешігіп жатқанын растады. Дегенмен үй салынады, қолданысқа беріледі деп сендірмек болған.
"Ақшамды қайтар деп жатқан 130-дай адам. Оның ішінде біз 40 адамға қайтардық. Қазіргі өтінім бойынша 180 миллион теңгедей қарыз боп тұрмыз. 30 шілде банк бермесе, өз қаражатымыздан қайтарып береміз. Басқа Тұрғын үйлер сатылып жатыр", – деді мердігер компанияның заңгері Нұрлан Жұмабеков.
Жаңалықтарды бәрінен бұрын біліп отырғыңыз келсе, Telegram-арнамызға жазылыңыз!